Қоғам

Ермек Көшербаев: Іңкәр Сейілғазина сияқты жандар бәрімізге үлгі болуы тиі

ШҚО Облыс әкімі Ермек Көшербаев осыдан бірер күн бұрын ұшақта адам өмірін құтқарып, халықтың ыстық ықыласына бөленген жерлесіміз Іңкәр Сейілғазинаға құрмет көрсетті.

Бүгін облыс орталығында өтіп жатқан ауыл әкімдерінің форумы барысында аймақ басшысы медицина саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан облыстық гематологиялық орталығының медбикесі Іңкәр Сейілғазинаны алғыс хатпен марапаттап, мұндай адамдар баршаға үлгі болуға тиіс екенін айтты.

– Бүгінгінің қаһармандары деп осындай жандарды айту керек. Көп жағдайда осындай қатардағы мамандардың еңбегі көлеңкеде қалып жатады. Бұл – әсте дұрыс емес. Олардың ел игілігі үшін күн сайын атқарып жатқан жұмыстарын бұқараға көрсетіп, насихаттауымыз керек. Бұл өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру үшін де маңызды. Бір сөзбен айтқанда, мұндай адамдар баршамызға үлгі болуға тиіс. Сондай жандардың бірі – жерлесіміз Іңкәр Мұратбекқызы. Сізге барша шығысқазақстандықтар атынан және өзімнің атымнан көп жылғы еңбегіңіз бен сын сағатында өз ісіне адалдық танытқаныңыз үшін алғыс айтамын, – деді облыс әкімі.

Ал марапат иесі болса, мұндай құрмет-қошеметке ие болатынын еш ойламағанын, дегенмен еңбегін елеп-ескергені үшін өңір басшылығына көп рахмет айтатынын жеткізді.

Еске салайық, осыдан шамамен бір апта бұрын «Air Astana» әуе компаниясының Пхукет-Алматы бағытында ұшқан ұшақтағы бір жолаушының жағдайы күрт нашарлап, шұғыл көмек қажет болады. Сол кезде еңбек демалысында жүрген өскемендік медбике Іңкәр Сейілғазина көмекке келіп, халі мүшкіл жолаушыны ажалдан арашалап қалады.

– Стюардессаның «бортта медицина қызметкері бар ма?» деген сұрағы елең еткізді. Бірден көмекке ұмтылдым. Қызға жақындаған кезде одан Квинке ісігінің аллергиялық реакциясы белгілерін байқадым. Борттағы дәрі-дәрмектер мен қолда бар құралдарды пайдаланып, талманы басатын шұғыл көмек көрсеттім. Абырой болғандай, бәрі сәтті аяқталып, науқас Алматы әуежайына аман-есен жетті. Артынан алғысын айтты. Бірақ, мен өзімді батыр санамаймын. Мұндай жағдайда көмекке келу – азаматтық жауапкершілік, мамандық бойынша міндетім, – дейді Іңкәр Сейілғазинаның өзі.

Жоғарыда жазғанымыздай, Іңкәр Мұратбекқызы медицина саласында 31 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. Ол – жоғары санатты реанимациялық медбике. Әр жылдары аурухананың хирургия, реанимация, ковид бөлімдерінде жұмыс істеген.

TuraNews

Back to top button