БастыСпортЭкономика

Қырғызстан мен ОПЕК қоры бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жол картасын әзірлейді

Бұл туралы Қырғызстанның Экономика және сауда министрлігі хабарлады.

Венада өткен Қырғызстан-Австрия екіжақты экономикалық байланыстар комиссиясының 9-шы отырысы аясында Қырғызстанның Экономика және сауда министрінің орынбасары Санжар Болотов пен ОПЕК қорының вице-президенті Шаймаа Әл-Шейбидің кездесуі барысында осындай келісімге қол жеткізілді.

Кездесу барысында вице-министр Қырғызстанның ағымдағы экономикалық жағдайы туралы ақпарат беріп, қолайлы бизнес-ортаны құруға және шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталды.

Кездесуде Қырғызстанның инфрақұрылымын дамытуда маңызы зор Қамбар-Ата ГЭС-1 және Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолының құрылысы сияқты негізгі стратегиялық жобаларға ерекше назар аударылды. С.Болотов ОПЕК қорына энергетика, көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы және ипотекалық тұрғын үй құрылысы салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ тараптар 2024 жылғы 22 тамызда қол қойылған Қырғызстан мен ОПЕК қоры арасындағы Жеке сектор операцияларын ұйымдастыру туралы негіздемелік келісім негізінде жеке инвестициялық жобаларды қаржыландыру перспективаларын талқылады.

Айта кетейік, ОПЕК қоры (Мұнай экспорттайтын елдер ұйымы, ОПЕК) — 1976 жылы құрылған көпжақты қаржылық даму институты. Оның құрамына 12 ел кіреді: Алжир, Эквадор, Габон, Индонезия, Иран, Ирак, Кувейт, Ливия, Нигерия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Венесуэла. ОПЕК қоры — тек мүше елдерден қаржыландыруды алатын, мүшелікке кірмейтін елдерге ғана қаржылық қолдау көрсететін әлемдегі жалғыз уәкілетті даму институты.

 

 

TuraNews

Back to top button