БастыСаясатЭкономика

Президент төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысы басталды

Бұған дейінгі 35-ші отырыс экономиканың цифрлық транформациясы тақырыбында өткен еді.

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысы басталды, деп жазады Kazinform агенттігі

Айта кетейік, бұған дейінгі 35-ші отырыс экономиканың цифрлық транформациясы тақырыбында өткен еді. Сол жиында Президент геосаяси шиеленіс пен протекционизмнің қарқын алуы әлемдік экономиканы өзгеріске ұшыратып жатқанын атап өтіп, кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына назар аударды.

«Орасан зор технологиялық серпін беретін „цифрландыру“ осындай мүмкіндіктің бірі деп санаймыз. Цифрландыру қарқыны экономиканың дамуына зор ықпал етіп, бүгінгі күн тәртібінің бағыт-бағдарын айқындап берді. Жасанды интеллект, блокчейн, Интернет заттар (IoT) және Үлкен деректер (Big Data) секілді жаңа тұжырымдар мен технологияларды кең көлемде енгізу ауыл шаруашылығынан бастап қаржы саласына дейін барлық саладағы ойын ережесінің өзгеруіне алып келеді. Цифрландыру тұтас елдер мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін анықтаушы факторға айналды. 2025 жылға қарай әлемдегі цифрлық нарық 50 пайызға артып, 6,8 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр. Болжам бойынша 10 жылда әлемдегі тауар өндірісі мен көрсетілетін қызметтердің 70 пайызында цифрлық технологиялар қолданылады. Бұл үрдістің Қазақстан үшін аса маңызды екенін анық түсінеміз», — деген еді Мемлекет басшысы.

Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналады. Кеңестің қызметін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Кеңестің жұмыс органы жүзеге асырады.

Кеңестің негізгі міндеттері:

Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын айқындау;

Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту;

Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы нормативтік құқықтық базасын жетілдіру;

Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандыруға, өнеркәсіптік секторын индустрияландыруға, шағын және орта бизнесін дамытуға шетелдік компаниялардың жәрдемдесуі;

Қазақстан Республикасының экономикасын әлемдік экономикалық процестерге интеграциялау;

Қазақстан Республикасының экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту стратегиясы;

Қазақстан Республикасының халықаралық маңызы бар ірі инвестициялық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу.

TuraNews

Back to top button