Әйелдерді тексеру кезінде олардың жыныс мүшелеріне жасырылған әрқайсысының салмағы 110 грамм болатын 84 алтын құймасы бар екені анықталған, деп жазады Kazinform агенттігі.
Түркияның Измир қаласының әуежайында жүргізілген операция барысында өзбек ұлтына тән 6 жолаушы әйел мен оларды қарсы алуға келген адамдар тексерілген. Нәтижесінде оларда 166 құйма алтын мен 18 ойын приставкасы бар екені анықталды. Airline Haber агенттігі контрабандамен айналысқан 7 адамның ұсталғанын хабарлады.
Белгілі болғандай, 2 қазан күні операция кезінде күдікті жолаушы әйел мен оларды қарсы алуға шыққан екі көлікті полицейлер әуежай алдында тоқтатқан. Алғашқы тінту кезінде әрқайсысының салмағы 110 грамм болатын 82 дана құйма алтын, 18 ойын приставкасы мен 3 смартфон тәркіленді.
Сот қаулысымен күдіктілердің денесін тексеру кезінде әйелдердің жыныс мүшелерінде жасырылған әрқайсысының салмағы 110 грамм болатын тағы 84 алтын құймасы бар екені анықталды. Олар хирургиялық жолмен алынып тасталды. 166 құйма алтынның жалпы салмағы 18 келі 500 грамм, нарықтық құны шамамен 55 миллион түрік лирасы (шамамен 1 604 630 доллар) екені жарияланды.
Операция барысында 6 жолаушы әйел мен оларға көмектескен күдікті қолға түсті. Сот оларды қамауға алу туралы шешім шығарған.