Қоғам

Еуропа елдерінде атом энергетикасы қалай дамып жатыр

Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі жалпыұлттық референдум өтетіні белгілі. Осы орайда, Kazinform тілшісі Еуропалық одақтың бірнеше елдіндегі атом энергетикасының жай-күйі мен дамуын зерттеп көрді.

Бельгия реакторлардың жабылуын 10 жылға кейінге қалдырды

Бельгияда қуаты 5761 МВт болатын екі атом электр станциясы жұмыс істейді. Елде электр энергиясын тұтыну 1990 жылдан бастап өсті. Ал 2016 жылы атом энергетикасы мемлекеттің электр энергиясының 51,3 пайызын қамтамасыз ете бастады. Елдегі алғашқы коммерциялық атом электр станциясы 1974 жылы жұмысын бастағанын айта кеткен жөн.

Бір қызығы, 1913 жылы Катангада сол кездегі бельгиялық Конго уран кенін тапты. Бірақ ХХ ғасырдың ортасында Бельгия уран қоры айтарлықтай аз елдердің біріне айналды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін де Америка Құрама Штаттары Бельгия колониясындағы уран қорына қызығушылық танытқан болатын. Өткен ғасырдың 40-50 жылдарында Бельгия өзінің колониясы арқылы АҚШ-тағы уранның негізгі жеткізушілерінің бірі болды. Бұл сауда қатынастары Бельгияға азаматтық мақсатта ядролық технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 1952 жылы елде SCK•CEN ядролық зерттеулер оқу орталығы құрылды.

Бірінші Doel 1 атом электр станциясы 1974 жылы пайдалануға берілді. Келесі он жыл ішінде желіге тағы алты реактор қосылды. Бірақ соған қарамастан, Бельгия 2025 жылға қарай атом энергетикасынан толығымен бас тартуға шешім қабылдаған еді. Алайда 2022 жылдың наурызында екі реактордың жабылуын тағы 10 жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды.

Брюссель дипломатиялық академиясының кеңесшісі, Бельгия адвокаттар алқасының мүшесі Жан Брабандер атом энергетикасын дамытуға қатысты Еуропа екіге бөлінетінін атап өткен.

– Мысалы, Франция АЭС дамуын белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Германияда оларды «қатыру» туралы шешім қабылданды. Жеке өзім де атом электр станциясының болашағын жан-жақты бағалаймын. Бір жағынан, бір күні станцияны өшіру керек екенін түсіну керек. Бұл көп уақыт пен ақшаны қажет етеді. Екінші жағынан, бұл зиянды шығарындыларсыз «таза энергия» саналады. Тағы бір мәселе — АЭС энергиясының құны. Атом электр станциясының құрылысы қымбат сала болып саналады және қандай технологияны таңдау керектігін анықтау маңызды, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол ескеретін көптеген фактор бар деп санайды.

– Тұтастай алғанда, бұл зиянды шығарындыларсыз «таза энергия» есебінде, сондықтан атом электр станцияларының сөзсіз артықшылығы бар. Бельгия атом электр станциясын салған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болды. Бұл бізге тек пайдалану ғана емес, ядролық қалдықтарды тиімді кәдеге жарату тәжірибесін берді. Ол өте күрделі процесс. Бүгінде Бельгияда елге энергетикалық қажеттіліктерді жеңуге көмектесетін екі атом электр станциясы жұмыс істейді, – деп түйіндеді Жан Брабандер.

Чехияда энергияның үштен бірін атом электр станциясы өндіреді

Чехияда электр энергиясының үштен бірін өндіретін алты ядролық реактор бар. Алғашқы коммерциялық ядролық реактор 1985 жылы пайдалануға берілді. Бұл ретте Үкімет атом энергетикасының болашағын берік ұстанады. Мәселен, Чехия үкіметі 2040 жылға қарай ядролық қуаттың айтарлықтай өсуін көздейді.

Еуродақ депутат Томаш Здеховский атом энергетикасы Чехия сияқты ел үшін ең жақсы шешім деп санайды.

Как развивается атомная энергетика в странах Европейского союза
Фото: censor.net

– Бізде атом электр станциясын пайдаланудың жақсы тәжірибесі бар. Чехияда ядролық отынмен жұмыс істейтін екі станция бар – «Дуковани» және «Темелин». Екі станция да Чехиядағы барлық энергияның үштен бірінен астамын өндіреді. Бұл бізге саланың тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Біз энергияны көршілерімізге экспорттай аламыз. Мысалы, Австрияға немесе Германияға, – дейді ол.

Сарапшы референдумдардың маңыздылығы туралы да айтып өтті.

– Барлық референдум демократиялық мемлекеттердің оң көрсеткіші болып саналады. Халық дауыс беруге, адамдарға шешім қабылдауға құқылы. Мысалы, егер Чехияда атом энергетикасы мәселесі бойынша референдум өткізілсе, халықтың үштен екісінен астамы бейбіт атом үшін дауыс беретініне сенімдімін, – деп қорытындылады сарапшы.

Мажарстан АЭС-терге инвестиция салып жатыр

Мажарстанда елдің электр энергиясының жартысына жуығын өндіретін төрт ядролық реактор бар. Алғашқы коммерциялық ядролық реактор 1982 жылы пайдалануға берілген. 1956 жылы Венгрияның Атом энергиясы жөніндегі ұлттық комитеті құрылды, ал 1959 жылы елдің алғашқы зерттеу реакторы сыни деңгейге жетті. 1966 жылы Мажарстан мен кеңес одағы арасында атом электр станциясын салу туралы мемлекетаралық келісімге қол қойылды. 1967 жылы Будапешттен оңтүстікке қарай 100 шақырым жердегі Пакш алаңы таңдалды. 1971 жылы 880 МВт Атом зауытына тапсырыс берілді, алғашқы блоктың құрылысы 1974 жылы, ал екіншісі 1979 жылы басталды. Төрт ВВЭР-440 реакторы (V-213 моделі) 1982-1987 жылдар аралығында іске қосылды.

Мажарстандағы «Пакш» электр станциясы MVM hungary electricity Ltd (Magyar Villamos m Envek, MVM) мемлекеттік компаниясының еншілес кәсіпорны болып саналатын MVM paks Nuclear Power Plant Ltd компаниясына тиесілі. Мажарстан Парламенті екі жаңа энергетикалық реактордың құрылысына толық қолдау білдіріп, қол қойған.

Еуродақ депутаты Андрош Ласзло (Венгрия) елде қырық жыл бойы қауіпсіз жұмыс істеп келе жатқан Пакш қаласындағы ірі атом электр станциясы туралы айтқан.

Как развивается атомная энергетика в странах Европейского союза
Фото: Видеодан алынған скрин

– Мажарстан ескісін алмастыратын жаңа атом электр станцияларын салуға инвестиция салуға шешім қабылдады. Елде Атом энергиясы саяси тұрғыдан өзекті мәселе емес. Біздің «Фидеш» партиясы келесі атом электр станциясының құрылысын қолдайды. Әрине, атом энергетикасына қарсы топтар бар. Бірақ Мажарстанда бұл маңызды тақырып емес екенін қайталаймын. Жұмыс істеп тұрған атом электр станциясы елдің барлық энергиясының шамамен 50 пайызын өндіретінін ескерсек, бұл — біздің құрамдас бөлігіміз, – дейді ол.

Сондай-ақ депутат Мажарстан ішкі саясаттың маңызды мәселелері бойынша ұлттық референдумдар өткізіп жатқанын тілге тиек етеді.

– Әрине, кез келген мемлекет ірі жобаларды қарастырған кезде халықтың қолдауы маңызды болады. Біздің тәжірибемізде атом электр станциясы — энергия жүйесінің маңызды элементі. Өйткені еліміз энергия импортына қатты тәуелді болды. Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты Венгрия энергияның осы түрін салу және пайдалану тәжірибесімен бөлісе алатынын қосқым келеді, – деді Андрош Ласзло.

 

TuraNews

Back to top button