Қоғам

ШҚО-да ерікті экобелсенділер әкімдік тарапынан марапатталды

Шығыс Қазақстан облысында ерікті экобелсенділер әкімдік тарапынан марапатталды.

Облыс тұрғындары мен қонақтары жаз бойы жиі демалатын Шыбындыкөл аумағында өз еркімен тазалық жұмыстарын атқарып жүрген белсенділер көзге түсті. Олар – өңір тұрғындары Диляра Кузнецова мен Олег Каун. Азаматтық жауапкершіліктің мұндай көрінісі куә болған жұртты да, жергілікті атқарушы орган өкілдерін де ерекше қуантты, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Осы орайда Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов белсенділерді жеке қабылдауға арнайы шақыртып, әкімдік атынан алғыс хат табыстады.

«Мемлекет басшысының еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» тапсырмасын жүзеге асырудағы азаматтық белсенділіктеріңіз бен үлестеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің бұл игілікті істеріңіз жастарымызға үлгі болмақ»,-деді Дархан Сапанов.

Халық көптеп баратын демалыс орындарының жиі ластанатыны және азаматтық жауапкершілігі төмен жандардың қоршаған ортаны қоқысқа толтырып кете баратыны да жасырын емес.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы жыл соңына дейін жалғасады. Экологиялық жоба аясында ел аумағында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жобаға еріктерлер де белсене атсалысуда. Бастысы, “Таза Қазақстан” қоршаған ортаға немқұрайлықты жойып, тазалық тұрғысынан игі әдет қалыптастыруда.

TuraNews

Back to top button