ШҚО-да полиция қызметкерлері мен жас тәртіп сақшылары арасында футболдан жолдастық матч өтті
Шығыс Қазақстан полицейлері ШҚО ПД "Алтай" кадеттер командасымен күштерін сынау мақсатында үйреншікті формаларын футболшылардың спорттық киімдеріне ауыстырды.
Жас команда құрамында «Жас сақшы» кадет сыныптарының оқушылары жиналды. Жігіттер осындай сынып оқушылары арасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогына өтетін футбол жарысында Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын болады.
Бүгінгі жолдастық кездесуді ШҚО Полиция департаментінің бастығы генерал-майор Ерлан Омарбеков ашты.
«Алдағы жарыстарда өздеріңізді және облысымызды жақсы жағынан көрсететіндеріңізге сенімдімін. Мүмкін болашақта біреу футболмен айналысатын шығар, мүмкін ел тыныштығын күзететін тәртіп сақшысы қатарына қосыларсыздар, кез-келген сәтте мен сіздер үшін қуанамын. Бүгінгі ойында және алдағы турнирде сәттілік пен жеңіс тілеймін!», — деді ШҚО бас полицейі.
Матч қарсыластардың қақпасына көздеген шабуылдармен және дәлме-дәл пастармен ерекшеленді. Формадағы тәлімгерлер бар күшімен ойнауға тырысты, өйткені олардың жас «әріптестері» жоғарғы деңгейде дайындалғандарын көрсетті. Алайда, қанша күш салғанымен, тәртіп сақшылары кадеттерден 4:1 есебімен ұтылды.
ШҚО ПД бастығының орынбасары Серік Манапов жастардың табандылығы мен жеңіске деген жігерлігін атап өтіп, жеңімпаз команда капитанына кубогын табыстады.
Жігіттердің өздері жарысқа қарқынды түрде дайындалады, әр жаттығуда тек шеберліктері ғана емес, сонымен қатар сенімділіктері де артуда.
«Біздің бір ғана мақсатымыз бар, ол — жеңіс» — деп атап өтті Алтай командасының капитаны Мұхтар Рақымжан.
Ағымдағы жылдың 21-22 қыркүйегінде Алматы қаласында кадет сыныптарының оқушылары арасында футболдан «Жас сақшы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогы өтетінін айта кетейік. Полицияның он жас спортшысы Шығыс Қазақстанның намысын қорғайды.