2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыры арқылы мұнай жөнелтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыру жөніндегі арнаулы жол картасын әзірледі. Бұл жайында Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі брифингіде Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты.
«Бұл Ақтау порты арқылы Баку порты бағыты және одан ары Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы жөнелтіледі», — деді Үкімет басшысы БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, Баку порты арқылы Қазақстан мұнайын Баку-Супса және Баку-Батуми мұнай құбырлары арқылы да тасымалдауға мүмкіндік бар. Бұған қоса Атыраудан темір жол арқылы Батумиге және Өзбекстанға мұнай экспорттауға болады. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасына да мұнай экспортталады. Қазіргі уақытта дәл осы бағыттарда мұнай экспорты әлеуетін кеңейту және арттыру жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Атап айтқанда, қазіргі уақытта бізде келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай жөнелту уағдаластығы бар. Алдағы уақытта оны 6-6,5 млн тоннаға дейін арттыру мәселесі де пысықталып жатыр», — деді Әлихан Смайылов.
Мұнан бөлек, Үкімет басшысы «Теңізшевройл» компаниясы цистерна вагондар санын екі есеге арттырып, Батуми мен Өзбекстанға темір жолмен мұнай жөнелтуді қолға алған.