Қоғам

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Түркістанда сенбілікке 1 мыңнан астам адам қатысты

Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы Түркістан қаласында ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылып келеді.

Бүгінгі күнге дейін киелі шаһарда акция аясында 100-ден аса шара өтіп, қаланың ажары ашыла түскен. Қазақ елінің ғана емес, күллі түркі дүниесінің рухани астанасына айналған қаланың туристік әлеуетін арттыруда бұл жұмыстардың да тигізер әсері орасан.

Бүгінгі тазалық жұмыстарына 1 мыңнан астам адам, 18 техника жұмылдырылған. Ауқымды сенбілік шарасына қаладағы 18 мекеменің қызметкерлері мен қала тұрғындары атсалысты. Олар шаһардың 10-нан аса аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.

Айта кетейік, науқан басталғалы бері қала аумағындағы орталық маңызы бар көшелердегі кәсіпкерлік нысандар мен қасбеттерін реттеу бойынша қалалық әкімдіктің 14 мекемесіне 32 көше бекітіліп, мердігер мекемелерді ұйымдастыру арқылы тиісті жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде 3 839 нысан сараланып, жөндеуді қажет ететін 1 562 нысан анықталған. Қазіргі таңда оның барлығы ретке келтірілген. Сондай-ақ, көпқабатты үйлердің қасбеттері мен аулалары және суару жүйелері қайта жаңартылды. Көпқабатты үйлер алдына жаңадан 297 дана қоқыс жәшігі орнатылды.

TuraNews

Back to top button