БастыЭкономика

Жыл басынан бері Өзбекстан экономикасы 6,4%-ға өсті

Бірінші жартыжылдықта Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 6,4%-ға өсті.

Бұл туралы Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен экономикалық даму көрсеткіштері жайлы кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды TuraNews.kz порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Өзбекстан басшысының айтуынша, бірінші жартыжылдықта Өзбекстанның ЖІӨ 6,4%-ға өсті. Былтыр осы аралықтағы өсім 5,6% шамасында болған.

Шавкат Мирзиёев атап өткендей, жыл басынан бері өнеркәсіп — 7,8%, құрылыс — 10,1%, қызмет көрсету — 12,9% және ауыл шаруашылығысаласында 3,8% өсім байқалды.

Ал бюджеттің кірісі 14%-ға артып, 113 трлн сумға (4,2 трлн теңге) дейін ұлғайды. Экономика және қаржы министрлігінің мәліметіне сай, осы аралықтағы шығындар 149,8 трлн сумға (5,6 трлн теңге), бюджет тапшылығы 36,8 трлн сумға (1,3 трлн теңге) жетті.

Бірінші жартыжылдықта елдегі капиталдың жалпы ағыны 229 трлн сум (8,5 трлн теңге) болды. Оның 15,5 млрд доллары шетелдік инвестициялар.

Президенттің сөзінше, жыл басынан бері құны 3,5 млрд доллар болатын 3 мың жоба іске қосылып, 76 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Бұған қоса, қаңтар-маусым аралығында ел бойынша 18,6 мың жаңа пәтер салынып, пайдалануға берілді. Соңғы алты айда 26 мың отбасы шамамен 7 трлн сумға (262 млрд теңге)ипотека алды. Бастапқы жарна мен пайыздық мөлшерлемені жабу үшін 545 млрд сум (20,4 млрд теңге) субсидия төленді.

Қоса кетсек, аталған кеңес барысында Өзбекстан президенті экономикалық дамуға селқос қараған 10 хокимді қызметінен босатты.

 

TuraNews

Back to top button