Күзде үш «жайлы мектеп» есігін айқара ашады — ШҚО
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев қаладағы “Жайлы мектептердің” құрылысымен танысты.
Аймақ басшысы облыс орталығында салынып жатқан үш жаңа “жайлы мектептің” құрылыс жұмысының барысымен танысты.
Қаладағы 19-ықшам ауданда және Есенберлин даңғылында 600 орындық екі мектеп салынуда. Сондай-ақ, қала шетіндегі Тимофеев көшесінің бойында 300 орындық мектептің құрылыс жұмысы қарқынды түрде жалғасып жатыр. Қала әкімдігінің ақпараты бойынша, аталмыш ауданда білім беру нысандары жоқ және жаңа мектеп жергілікті тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасайды.
— Жайлы мектептер атына заты сай, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, оқушылар үшін бар жағдайы жасалуы тиіс. Барлық нысандардың тиісті мерзімде тапсырылуын бақылау қажет, — деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.
Айта кетейік, ұлттық жоба құрылысының операторы – “Samruk-Kazyna Construction” компаниясы. ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышёва атап өткендей, жаңа мектептерде білім беру жұмысын ұйымдастыру бойынша арнайы іс-шаралар басталып кетті.