Қырғызстанда Барпы Алыкуловтың 140 жылдығына арналған конференция өтті
3 маусымда халықаралық «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті ұйымы, Бекмамат Осмонов атындағы Жалал-Абад мемлекеттік университеті, Қырғыз Республикасы Ғылым академиясының Шыңғыс Айтматов және әдебиет институты бірлесіп, ұлы ақынның 140 жылдығына арналған «Барпы Алыкулов шығармашылығының ерекшеліктері және импровизациялық өнер мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Іс-шараға Қырғыз Республикасы Президентінің Жалал-Абад облысындағы өкілетті өкілі Әбсаттар Сырғабаев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Айнура Асқарова, Қырғызстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі, профессор Қанат Мәмбеталиев, жоғарыда аталған университет пен институттың оқытушылар құрамы, сонымен қатар И.Арабаев университеті, Қырғызстан халықаралық университеті, Қырғыз-өзбек университеті, Халықаралық Еуразия университеті және Жалал-Абад облысының мәдениет және өнер өкілдері қатысты.
Ғылыми конференцияда облыс әкімі Әбсаттар Сыргабаев сөз сөйлеп, ақын Барпы Алыкулов шығармашылығының басты ерекшеліктеріне тоқталып, оны адам өмірінің философиялық мәнін терең суреттейтін көреген ақын ретінде сипаттады. Ол осы іспеттес шаралардың дарынды тұлғаның өмірі мен шығармашылығын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау үшін таптырмас құрал екенін айтты.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев 2024 жылы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы Мәдениет министрлері Тұрақты кеңесінің шешімімен түркі әлемі Барпа Алықұловтың туғанына 140 жыл толуын кеңінен атап өтетінін айтты. Бұл бастама қырғыз халқының ұлы ақындарының бірі шығармашылығын бағалап, оны түркі әлеміне таратуға бағытталған. Ақынның құрметіне биыл Қырғызстанда, Өзбекстанда, Түркияда іс-шаралар өтіп, оның түркі халықтарының тілдеріндегі жыр жинақтары да баспаға дайындалуда. Тіпті Барпы Алыкулов туралы деректі фильмнің түсірілімі де таяуда тәмәмдалмақ. Сондай-ақ Ұлттық филармонияға оның бюстін орнату да жоспарда бар.
Конференция барысында спикерлер Барпа Алықұловтың талантының жан-жақтылығын атап өтті. Атап айтқанда, оның шығармашылығының философиялық аспектілері, поэтикалық ырғақ ерекшеліктері, импровизациялық таланты, өз әндерін қайталанбас орындауы, ақынның дәстүрлі музыканың дамуына қосқан үлесі мен рөлі және ақын шығармашылығының басқа да қырлары қарастырылды.
Шара соңында Сұлтан Раев ТҮРКСОЙ атынан бірқатар мәдениет, өнер және ғылым өкілдерін ТҮРКСОЙ ұйымының медальдарымен, алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапаттады.