Өзбекстан туризмді дамыту үшін 10 млн оқырманы бар шетелдік блогерлерді шақырады
Өзбекстан туризмді дамыту үшін елге танымал шетелдік блогерлерді тартуды жоспарлап отыр.
Бұл туралы президент Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен өткен кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шавкат Мирзиёев 10 млн-нан астам аудиториясы бар 50 шетелдік блогерді елге шақырып, олар үшін тур ұйымдастыруды тапсырды.
Сонымен қатар 1 қазанға дейін Өзбекстанда ұлттық туристік бренд жайлы контент жасаушылардың арасында конкурс өтеді. Бұл бағыттағы істерге биыл 5 млн доллар қаражат бөлінеді.
Бұған қоса, Шавкат Мирзиёев министрлік және тиісті ведомстволарға электрондық виза жүйесін жетілдіру, туристерге ыңғайлы болу үшін мобильді қосымшаларды іске қосуды тапсырды.
Айта кетейік, үстіміздегі жылы Өзбекстан 11 млн шетелдік туристі қабылдап, олардан түсетін кірісті 2,5 млрд долларға жеткізуге ниетті.