Жыл сайын маусым айының бірінші жексенбісі ЮНЕСКО тарапынан «Дүниежүзілік таңғы ас күні» ретінде аталып өтуде. Осыған орай, кеше, 4 маусымда Астанада «Түрік таңғы асы» және «Түрік шайын таныту» шарасы өткізілді.
Rixos President Astana қонақ үйінде өткен шараға Түркияның Қазақстандағы Елшісі Мустафа Капуджу, елшілік өкілдері, Қазақстан мен Түркияның дипломаттары, шетелдік және қазақстандық қоғам ұйымдарының өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шарада қонақтар түрік таңғы асының бар көркін бағалауға мүмкіндік тауып, Түркияның шай астанасы Ризе қаласынан арнайы әкелінген түрік шайын тамашалады. Сонымен қатар, Түркиялық «Лазика» шай компаниясының сату координаторы Серай Сары түрік шайының дайындалу әдісі туралы арнайы шеберлік сабағын өткізді.
Шара барысында сөз сөйлеген Түркияның Қазақстандағы Елшісі Мустафа Капуджу «Дүниежүзілік таңғы ас күнінің» алғаш рет Түркияның Ван қаласында тойлана бастағанын және содан бері бұл бастаманың таңғы астың мәдени маңызын атап өтетін жаһандық шараға айналғанын атап өтті.
Түрік шайы – тропикалық аймақтарда өспейтін әлемдегі жалғыз шай түрі. Түркияда шай негізінен Ризе мен Трабзон облыстарында өседі. Әлемде континенттік ауа райында шай өсіру дәстүрі тек қана Түркияда кездеседі. Арнайы кернеуі жіңішке шыны ыдыспен ішілетін түрік шайы екі қабаттан тұратын шәйнекте демделеді.
Түрік шайының гастрономияда алатын ерекше орнына байланысты түрік тілінде өте көп тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер пайда болған. Қазақ тіліндегі әбден демделген қызыл күрең шайға түрікшеде «қоян қаны түстес шай» дейді.