ӘлемБастыҚоғам

Өзбекстанның сейсмикалық қауіпті аумақтарында салынатын нысандарға талап күшейеді

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Ғимараттар мен құрылыс нысандарының сейсмикалық беріктігін арттыру және мониторингілеу жұмыстарын жетілдіру шаралары туралы» қаулысына қол қойды.

Құжатқа сай, биылғы 1 маусымнан бастап 8 балдан жоғары жер сілкінісі болуы мүмкін аймақтарда 5 қабаттан биік медицина объектілерін және 9 қабаттан жоғары ғимараттарды жобалау кезінде олардың сейсмикалық беріктігіне қатысты қатаң талап қойылады.

Ал 1 шілдеден бастап қауіптілік шкаласы бойынша III-IV санатқа жатқызылған жерлерде салынатын нысандардың тірек конструкцияларына автоматты түрде мониторинг жүргізетін құрылғы орнату міндетті болады.

Сондай-ақ 1 маусымнан бастап қауіптілік шкаласына сай III-IV санатқа енгізілген аумақтарда бой көтеретін ғимараттарға қатты жер сілкінісі кезінде газ және электр желілерін автоматты түрде бұғаттау жүйесі орнатылуы тиіс.

Бұған қоса, 1 шілдеге дейін техникалық жай-күйі сапаға сай келмейтін қолданыстағы ғимараттар мен құрылыс нысандарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Қаулыда жазылғандай, 1 мамырдан бастап сейсмикалық қауіп және жер сілкінісі туралы болжамдардың қорытындысын ай сайын жергілікті билік органдарына ұсынып отыру тәжірибесі енгізіледі. Сонымен қатар әрбір өңірде қатты жер сілкінісі кезінде халықты құтқару жұмыстарына тартылатын еріктілер тобын құру ісі жолға қойылмақ.

Олардан бөлек, жер сілкінісі жағдайын зерделеумен айналысатын инженер-ғалымдардың қауымдастығы құрылады.

 

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button