БастыҚоғам

Су тасқынынан құтқарылған адам саны 117 мыңнан асты

Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Су тасқыны қауіпті өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары, су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Жүргізілген су тасқынына қарсы іс-шаралардың арқасында 18 651 адам өз үйлеріне оралды. Жедел шаралардың арқасында ТЖ аймақтарынан тұрғындар мен жануарларды эвакуациялау алдын ала жүргізілді. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 ауыл шаруашылық жануары қауіпсіз жерге айдалды.

Қазір 6 887 адам, оның ішінде 3 166 бала эвакуациялау пунктерінде. 4 216 тұрғын үй мен 2 698 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 10,1 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 3,2 млн қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді.

«Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 718 жеке тұрғын үй, 1 130 аула аумағы су астында қалуда. ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының психологтары су тасқыны қаупі бар өңірлердің тұрғындарына шұғыл психологиялық және ақпараттық көмек көрсету мақсатында тәулік бойы кезекшілікті атқаруда. Жедел желі телефонына 1 932 қоңырау түсті. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға  44 156 адам,  4 611 техника, 860 су сору құралы, 332 жүзу құралы, 18 әуе кемесі жұмылдырылды, сондай-ақ волонтерлер де белсенді қатысуда», – деді спикер.

Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 38 ТЖ әрекет етеді.  ТЖМ азаматтарды су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пункттерінен тиісті рұқсатсыз кетпеуге шақырады және балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.

TuraNews

Back to top button