Митинг полициямен қақтығысқа ұласып, соның барысында полицияның бір қызметкері жарақат алды. Наразылық білдірген 20-ға жуық адам ұсталды, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
Арнайы жасақ көзден жас ағызатын газ қолданып, парламенттің қызметтік кіреберісін басып алуға әрекеттенген наразылық білдірушілерді кері қууға мәжбүр болды. Кейін Тбилисиде шетелдік агенттер туралы заң жобасына қарсы шыққандар парламент ғимаратына кіріп-шығатын есіктің аумағын толығымен босатқан.
Содан кейін полиция қоршауды алып, заң шығарушы орган ғимаратына іргелес барлық көшелерді жауып тастады. 100-ден астам наразылық білдірушілер жиналған соңғы нүкте парламент жағындағы Чичинадзе көшесінде болды, алайда полиция көшені қоршаудан шығарғаннан кейін олар парламенттің негізгі кіреберісі орналасқан Руставели даңғылына түсіп, сосын тарады.
Наразылық білдірушілердің айтуынша, олар заң шығарушы орган шетелдік агенттер туралы заң жобасын қарауды жалғастыратын болса, қайта жиналуды жоспарлап отыр.
Сәуір айының басында биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясы «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын парламентке қайта енгізу туралы шешімін жариялады. Бұл осыған ұқсас бастама билікті оны қабылдаудан бас тартуға мәжбүрлеген жаппай наразылықтарға әкелгеннен кейін бір жылдан соң орын алды. Заң жобасының мәтіні «шетелдік ықпал агенті» терминін қоспағанда, былтырғыдай өзгеріссіз қалды. Оның орнына «шетелдік державаның мүддесін көздейтін ұйым» ұғымы қолданылды.
Заң жобасына ел президенті Саломе Зурабишвили де, оппозиция да, дипломатиялық корпус та қарсы болды. Бастамаға қарсы шыққандардың пікірінше, бұл заң жобасы Грузияның Еуроодақпен интеграциялануына кедергі келтіреді.