Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
Салтанатты іс-шара 2500 жылдық тарихы бар Хиуа қаласында өтті. Оған Ислам ынтымақтастығы ұйымының өкілдері, сарапшылар мен салаға жауапты мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
2022 жылы Бакуде өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің туризм министрлері қатысқан XI сессия барысында Хиуа, Әбу-Даби (БАӘ), Шанлыурфа (Түркия), Лагос (Нигерия) және Душанбе (Тәжікстан) қалалары «2024 жылғы ислам әлемінің туристік шаһары» мәртебесіне ұсынылған болатын. Бұл ретте ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер Өзбекстандағы тарихи қалаға ислам әлемінің туристік астанасы мәртебесін беру бастамасын қолдады.
Айта кетейік, биыл мамырда Хиуада ИЫҰ-ға мүше елдер туризм министрлерінің XII сессиясы өтеді. Оның барысында «Хорезм хандарының тағамдары» атты гастрономиялық фестиваль, ғылыми-практикалық конференция, фото және көркем өнер шеберлерінің көрмелерін өткізу жоспарланып отыр.