Спорт

Қазақстандық теннисшілердің Индиан-Уэллс турниріндегі қарсыластары белгілі болды

АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында 6-17 наурызда өтетін турнирдің жеребесі тартылды.

Индиан-Уэллс WTA 1000 жарысын Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина екінші айналымнан бастап, рейтингіде 73-орындағы испаниялық Паула Бадоса немесе америкалық Эшлин Крюгердің (№ 71) қай жеңгенімен кездеседі. Бұл екі теннисші де додаға арнайы шақырту алған.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 79-орындағы Юлия Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 76-ракеткасы, германиялық Тамара Корпачтан өтуге тырысады.

Өткен жылы Индиан-Уэллсте Е.Рыбакина үздік шықса, Ю.Путинцева бірінші ойынында сүрінген еді.

Ерлер арасында Индиан-Уэллс мастерс турнирінде 20-ракетка болып тіркелген Александр Бублик те екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы әлемнің 33-ракеткасы, аустралиялық Джордан Томпсон немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының біреуі болмақ.

Әлемнің 51-ракеткасы Александр Шевченко бастапқы матчын рейтингіде өзінен екі саты жоғары тұрған германиялық Доминик Кёпфермен өткізеді.

Іріктеу сайыстарына қатысқан рейтингіде 191-орындағы Бейбіт Жұқаев әлемнің 142-ракеткасы, франциялық Гарольд Майоға жол берді – 3:6, 1:6.

Өткен жылы финалда ресейлік Даниил Медведевті қапы қалдырған испаниялық Карлос Алькарас үздік атанса, А.Бублик алғашқы айналымда-ақ жарыс жолынан шығып қалған еді.

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button