Құжат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі денсаулық сақтау, мәдениет және ақпарат, цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің ұсыныстары негізінде әзірленген.
«Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптер тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр», — деп жазылған құжатта.
Бұл тізімге денсаулық сақтау, жаратылыстану ғылымдары, өңдеу өнеркәсібі, IT-технологиялар, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және басқа да мамандықтар кірген.
«Тізбеде барлығы сұранысқа ие 51 кәсіп қарастырылады», — деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Мұнда салалық мемлекеттік органдар ұсынатын өзгерістер мен толықтырулар ескерілген. Сұранысқа ие мамандықтар қатарында жасанды интеллект инженерлері, web әзірлеушілер, мобильді қосымшаларды әзірлеушілер, компьютерлік ойындарды әзірлеушілер, ақпараттық жүйелер сәулетшілері, сервер әкімшілері, ақпараттық қауіпсіздік маманы, графикалық дизайнерлер, суретші иллюстраторлар, акушер гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, сәулелік диагностика дәрігерлері бар.
Тізбеде көрсетілген мамандықтары бар шетелдіктер ішкі істер органдарында тұруға ықтиярхатты оңайлатылған тәртіппен ресімдей алады. Ықтиярхат 10 жылға не паспорттың қолданылу мерзіміне беріледі.
НҚА жобасымен 13 наурызға дейін танысуға болады.