ӘлемҚоғам

Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуіне рұқсат беріледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және Корея Республикасы Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің өкілдері онлайн-форматта келіссөз жүргізіп, оның барысында Қазақстанды Оңтүстік Кореяның Employment Permit System жүйесіне енгізу мәселесін талқылады, деп хабарлайды TuraNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуға, сондай-ақ оларға тең еңбек жағдайы мен құқығын қорғауға мүмкіндік береді.

Кездесуге Еңбекмині көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев, Еңбекмині Халықаралық ынтымақтастық және интеграция департаментінің директоры Саадат Асансеитова және Корея Республикасы Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің шетелдік жұмыс еңбегі жөніндегі басқармасы директорының орынбасары Мюнг Сунг Хон қатысты.

Асқарбек Ертаев кездесуге қатысушыларға EPS жүйесі шеңберінде кореялық дайындық орталығын ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жөнінде хабарлады.

Қазақстанда EPS орталығын ашу мүмкіндігін талқылай отырып, тараптар жемісті және сындарлы өзара іс-қимылға, сондай-ақ еңбек миграциясы шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді.

 

TuraNews

Back to top button