Түркістан облысының таулы аймақтарында бұрқасын жел басталып, күн райы күрт өзгерді, деп жазады TuraNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Қазіргі кезде өңірдегі Бәйдібек пен Түлкібас аудандарын байланыстыратын жол, «Батыс-Еуропа — Батыс-Қытай» трассасы, Қошқарата-Жарықбас-Бірлік, Шаян-Ағыбет-Шақпақ, Көксәйек-Ақсу-Мыңбұлақ бағытындағы жолдар жабық. Кей жерлерді қалың қар басса, кей жолдарға мұз қатқан.
Күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқан патрульдік полиция батальоны кешке кешкісін жолда адасып кеткен бірнеше жеңіл көліктің жолаушыларын құтқарды. Сонымен қатар ауыр жүк көліктерінің қозғалуына көмек көрсетіп жатыр.
«Тәртіп сақшылары тұрғындардың қауіпсіздігі үшін үздіксіз қызметті жалғастырады және тұрғындарға ұзақ жолға шықпауға кеңес береді», — делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қатты аяздан қазіргі кезде бірнеше ауданда мектептер онлайн оқытуға көшті. Атап айтар болсақ, Созақ, Ордабасы, Кентау қалаларында бастауыш сынып оқушылары қашықтан оқып жатыр.