Түркістанда жалпықалалық сенбілік өтті
Түркістан қаласында жалпықалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Осы орайда Түркістан қаласында «Менің туым — менің елім» акциясы аясында “Менің таңдауым — таза қала” экологиялық айлығы басталды. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков және олардың орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, мемлекеттік қызметшілер мен еріктілер қатысты.
Жалпықалалық сенбілікке қатысушылар қаладағы саябақтар мен гүлзарлардың аумағын қоқыстан тазартты.
Кең көлемде өткен тазалық акциясына 1000-нан астам адам қатысып, белсенділік танытты.
Түркістан 6 аумаққа бөлініп, жиналған қоқысты, кесілген ағаштарды тасымалдауға коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен 30-дан астам техника жұмылдырылды. Әр апта соңында сенбілікшілер кемі 150 тонна қоқыс жинайды.
Облыс әкімі тазалық іс-шарасына қатысушылармен әңгімелесіп, олардың белсенді өмірлік ұстанымы үшін, әсіресе, қоғам белсенділері мен этномәдени бірлестіктер мүшелеріне алғысын білдірді.
Жалпықалалық сенбілік бір айға жалғасады. Ай ішінде тазалық, ағаш егу жұмыстары ұйымдастырылады. Биыл күзде облыс орталығында 220 мың ағаш егіледі. Оларды болашақта бағып-күтуге арнайы мекеме бекітілді.