Шымкенттік Солтүстікке қоныс аударушының оқиғасы
Темірзақ Битабар өткен жылы Шымкенттен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударды. Ол 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізілудегі ерікті көштің қатысушысы. Еті тірі жан жаңа жерге келгенде тосылмады, бірден бизнес ашып, өзі сияқты тың мекенге қоныстанушыларға жұмыс орындарын құрды.
Солтүстік аймақ үшін Темірзақ Битабар сияқты адамдар нағыз олжа! Өйткені ол кез-келген істі қолға алудан қорықпайды – ауыл шаруашылығын да дөңгелетіп әкетеді, терезе жасап, үй сала да алады. Соңғысы – кейіпкеріміздің саналы ғұмырын арнаған басты кәсібі. Темірзақ аға «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағының иегері. Осы салада көптеген жылдар бойы тер төгіп, Шымкентте тұрғанда-ақ құрылыс саласында өзінің дербес бизнесінің іргетасын қалаған.
Өткен жылы болса, Солтүстік Қазақстан облысына үй салуға келгенде бұл жерде жұмыстың бастан асатынын көріп, біржола қалуға шешім қабылдаған. «Еңбек» бағдарламасының ерікті қоныс аудару бағыты туралы білген Темірзақ Битабар оған қатысуға бел буады, ал біраз уақыттан кейін көпбалалы әке отбасымен бірге елдің екінші шетіне — Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласына қоныс аударады.
«Мұнда маған өте ұнады — жері құнарлы, елі берекелі. Жаңа жерге тез үйреніп кеттім. Осы уақытқа дейін бүкіл елді аралап шығып, оның кез-келген бұрышында өзімді үйімдегідей сезінетіндіктен еш қиындық туындаған жоқ. 60-тың асуына жақындасам да қонысымды ауыстырудан қорықпадым. Өзгерістен қашуды жалқаулардың сылтауы деп түсінемін. Өз басым қол қусырып қарап отырудан аулақпын. Құдай берген бес балам бар, оларды ешкімге жалтақтатпай өсіріп-жетілдіру керек», — дейді кәсіп иесі.
Ерікті қоныстандыру аясында Темірзақ Битабар көшіп-қонуы үшін мемлекеттен қаржылай көмекті еншіледі. Сондай-ақ жалдамалы тұрғын үй алды. 5 жылдан кейін ол оны сатып ала алады немесе жалдау мерзімін ұзартуға құқылы. Айтпақшы, жаңа үй салынып жатқан кезде, көпбалалы отбасы пәтер жалдауға мәжбүр болды — бұл шығын да қазынадан өтелді.
Бірақ, жоғарыда жазғанымыздай, Темірзақ аға жәрдемақыға тоқмейілситін жандардан емес. Дереу жағдайға қанығып, кәсібін жандандырды. Өндіріс цехынан тыс мал сатып алып, картоп отырғызды. Сонымен бірге, үй салуға да үлгеруде. Осылайша, оның қарамағында, басым бөлігі қоныс аударушылардан тұратын 20-дан астам жұмысшы нәпақасын табуда.
«Абай атамыз айтпақшы «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарын тіленбей». Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Мен бұл жерге өңірдің гүлденуіне аз да болса өз үлесімді қосу үшін келдім. Бір аймаққа сыймай, жұмыссыз тығыз отыра бергеннен гөрі, бүкіл Қазақстанға, әсіресе жұмыс күші жетіспейтін жерлерге барған дұрыс. Ерікті қоныстандыру бағдарламасының болғаны қандай жақсы – азаматтардың өрісі ұзарып, тұрмысы жеңілдеуде», — дейді Темірзақ Битабар.
2020 жылдың басынан бастап Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс күші артық аймақтардан 1840 қоныс аударушы немесе 612 отбасы қоныстанған. Ең көп отбасылар өңірге елордадан, Түркістан мен Алматы облыстарынан көшіп келді. Қоныс аударушылардың жартысынан көбі еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Қазіргі уақытта жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары 777 адамды қамтыса, оның ішінде 767 адам тұрақты жұмысқа тұрған (білім және ауыл шаруашылығы саласында).
Өңірде кәсіпкерлікпен және бау-бақшамен айналысқысы келетіндерге қолайлы жағдай жасалуда. Мәселен, оларға жер алу мен гранттарды рәсімдеуге көмек беріледі және де кәсіпкерлік негіздері үйретіледі.