Қоғам

Түркістан облысының диқаны жазда егістікті суармай-ақ қауын өсірді

Түркістан облысының шаруалары қауын өсіруде тың тәсілді пайдалана бастады. Яғни, егістікті суармай-ақ, мол өнім жинауға болатынын көрсетті, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Оңтүстіктегі 45-50 градус ыстықта бір тамшы су ішпеген қауындар дәмді әрі үлкен болып өскен. Шаруалардың сөзінше, ауыл шаруашылығындағы бұл тәсілді ата-бабаларымыз бұрын да қолданған.

– Жылдан-жылға ағын су мәселесі күрделеніп келеді. Сондықтан бұрынғы ата-бабаларымыздың үйреткен тәжірибесін жасап көруге бел будым. Көктемнің алғашқы айларында суармалы су ешкімге керек емес кездер болады. Сол ақпан айының басында егістік алқабымды әбден суарып, су сіңдіріп алдым. Содан қауын ектім. Шілде айындағы 45-50 градус ыстықта да су берген жоқпын. 120 күн су ішпеді. Нәтижесінде қауындарым жақсы өнім берді. Дәмді болды,– дейді шаруа Азизхан Егембердиев.

Шаруа Қарнақ ауылында тұрады. Оның ауыл маңындағы жер учаскесінде егістікке арналған жері бар. Биыл соның 4 гектарына қауын, 1 гектарына қарбыз еккен. Нәпақасын жер-анадан іздеген шаруа жинаған өнімін жергілікті жерде саудаға шығарған. Дәмді қауынды тұтынушылар да көп болыпты.

Оның айтуынша, бұл тәсілді кез келген қауынның сортына пайдалана беруге болады. Тек жер тың болуы қажет. Енді шаруа алдағы жылдары егістік алқабын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қауыннан мол өнім алып жатса, шет елге алып барып сату да ойында бар.

TuraNews

Back to top button