Түркістан: комиссия отырысында әйелдер жұмыссыздығын азайту бойынша шаралар қаралды
Түркістан облысы әкімі жанындағы бала құқықтары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі кезекті комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Күн тәртібінде облыс көлемінде әйелдер жұмыссыздығын азайту жөніндегі шаралар, Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінен құрылған секторлардың атқарған жұмыстары және өзге де мәселелер қаралды. Мәжілісті комиссия төрағасының орынбасары Малика Жүсіпова жүргізіп отырады.
Жиында Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде жұмыспен қамту шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, 2023 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыруға 84,0 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 97 686 адам жұмыспен қамтуға жолданды. Оның ішінде, әйелдер 50 450 адам немесе 51,6%-ды құрайды. Тұрақты жұмыс орындарына 35 195 азамат жұмысқа жолданса, оның 15 664-і әйел. Субсидиялау арқылы уақытша жұмыс орындарына 34 959 азамат жолданса, оның 18 923-і әйел. «Бизнес-Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерге оқуға 21 708 адам, оның ішінде 12 660 әйел жолданды. Ал, грант 1 687 адамға берілсе, оның ішінде 977-і әйел. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 242 әйел, enbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдыларды қолдану бойынша 1984 әйел жолданды.
Статистикалық мәліметке сәйкес, 2023 жылдың II тоқсанының қорытындысымен жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,0%-ды құраса, әйелдер жұмыссыздығы 5,8%-ды құрады.
Басқосуда Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінен құрылған секторлар мүшелері атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ұсыныстарын ортаға салды.
Отырыс қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның қызметін жетілдіру жөнінде шаралар кешені қабылданды. Күрделі әлеуметтік мәселелерді шешу кезінде азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауға бағытталған жаңа тәсілдер мен жұмыс регламенті бекітілді. Осыған байланысты әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 1 млн. 200 мыңға жуық әйел бар. Бұл – облыс халқының жалпы 49,2 пайызын құрайды. Республикадағы әрбір бесінші бала Түркістан облысында дүниеге келеді. Биыл 9 айда 41 233 бала дүниеге келген. Облыста демографиялық өсу деңгейі жоғары. Өңірде 177 мыңнан астам көпбалалы ана бар. «Алтын» және «Күміс» алқа таққан аналар саны жыл санап артып келеді.