Сауран ауданында 1 гектар аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, тиімділігін арттыру мақсатында Түркістан облысы, Сауран ауданында 1 гектар аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.
«Түркістан облысында ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Дегенмен өнімді сақтау және терең өңдеу мәселелері өзекті. Біз осыған мән берудеміз. Жуырда Түркістан қаласының іргесіндегі аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды. Жоба құны – 1,4 млрд. теңге, қуаттылығы – 4 000 тонна. Келесі жылы пайдалануға тапсырылады», – деді облыс әкімі.
Аймақта кәсіпкерлерді қолдау мақсатында келесі жылдан бастап, қоймаларды салу үшін жұмсалатын инвестициялық шығынның 50 пайызын өтеу қарастырылып жатыр.
Тағы айта кетерлігі, облыс халқының 80% ауылда қоныстанған. Негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Басқа саламен салыстырғанда табыс төмен. Осыған орай, ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлінді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округ белгіленді.
Бүгінгі таңда, 14,8 млрд. теңгеге 2 496 жоба қаржыландырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады, қосымша 30 млрд. теңгеге өнім өндіріледі. Жобаға қатысушылардың орташа табыс өседі, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азаяды, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі ұлғаяды деп күтілуде.