Қоғам

Өзбекстанда Түркі елдері мүфтилерінің кезекті кеңесі өтті

Өзбекстан астанасы Ташкентте Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Түркі елдері мүфтилерінің төртінші отырысы өтті, деп жазады TuraNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Аталған жиынға Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубаничбек Омуралиев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Нуриддин Холиқназаров, Түркия Дін істері басқармасының басшысы, Бас мүфти Али Ербаш және өзге елден келген дін саласының мамандары қатысты.

Отырыста сөз алған Наурызбай қажы Тағанұлы кеңес жұмысын жандандыруға қатысты бірқатар ұсыныс айтты.

«Түркітілдес мемлекеттердің мүфтилер кеңесін құрудағы мақсат – түркітілдес халықтардың ынтымақтастығы мен бауырластығын одан әрі нығайту, сондай-ақ түркі дүниесінің тарихи, рухани және мәдени мұрасын сақтау бағытында қабылданған шешімдер мен бастамаларды іске асыруды жан-жақты қолдау болатын. Сол себепті кеңес жұмысын одан ары қарай жандандырып, Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан діни басқармалары арасында тәжірибе алмасулар ұйымдастырып, бірлескен ғылыми, танымдық, тәжірибелік іс-шаралар легін көбейтуіміз қажет», — деп мәлім етті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ал Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Аллашүкір Пашазаде БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясында Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев ұсынған «Ислам — бейбітшілік пен мейірім діні» халықаралық конференциясын өткізу бастамасына қолдау білдірді.

«Өзбекстан сияқты ислам өркениетінің ең көне орталығында өтетін форум жоғары деңгейде ұйымдастырылады және жалпы адамзат үшін ислам дінінің табиғаты мен құндылықтарын дәріптеуде айрықша маңызға ие болады деп сенеміз» ,- деді Аллашүкір Пашазаде.

Сондай-ақ отырыста баяндама жасаған Түрікменстан мұсылмандары басқармасының жетекшісі, мүфти Ялкап Ходжакулиев бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.

«Мұндай кездесулер мен кеңестер біздің халықтарымызды жақындастырып, достық пен бауырластық қарым-қатынастарды арттырып, сенім мен өзара түсіністіктің жоғары деңгейге жетуіне мүмкіндік ашатыны сөзсіз», — деді Ялкап Ходжакулиев.

Айта кетейік, Түркі елдері мүфтилерінің бұған дейінгі басқосулары Стамбұл (Түркия), Баку (Әзербайжан) және Түркістанда (Қазақстан) өткен еді.

 

TuraNews

Back to top button