Сарыағашта «еңбек лагері» ұйымдастырылды
Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай білімді әрі белсенді жастардың шығармашылық әлеуетін шыңдай отырып, мәдени және кәсіби қабілетін арттырып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау мақсатында Сарыағаш ауданында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен облыстық «Еңбек лагері» өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Шараны мекеме басшысы Ернар Бектаев ашып берді. 17 аудан, қаладан 150-ге жуық белсенді жас қатысты. «Спорт бізді біріктіреді» атты шара аясында жастар кіші футбол, волейбол, шахмат спорт түрлерінен жарысқа түсті. Сондай-ақ жастар мобилография саласы бойынша да бақ сынады. Лагердің екінші күні, жастардың шығармашылық қабілеттерін ашу, талантты және дарынды жастарды іріктеу және қолдау, зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға жәрдемдесу, ғылыми ізденіске қызығушылықты дамыта отырып жаңа таныстықтырға жол ашу мақсатында 4 топтың қатысуымен интеллектуалды ойынға қатысып, «Мен жасаған игі іс!» атты тақырыпта тазалық акциясын өткізді.
Акцияның мақсаты – жастарға тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту, табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастыру. Акцияға қатысушы жастар табиғатты таза ұстауға және облыс тұрғындарына қоршаған ортаны қорғауға, оны ластамауға шақырады. Лагерь аясында Қазақстандағы ең жақсы термо-сауықтыру орындарының бірі болып саналатын «Сарыағаш Aray deluxe» демалыс орнымен танысып, «Иса ата» кесенесіне экскурсия жүргізді. Сонымен қатар Құркелес ауылдық округі, Келес елді мекенінде орналасқан жылыжайдың тыныс-тіршілігімен де танысты.
Сайыс қорытындысына сәйкес жеңімпаздар марапатталды. Атап айтқанда I орынды «Texas» командасы (Жайдарманшылар), II орынды «Достар» командасы (Түркістан, Арыс, Кентау, Сауран, Қазығұрт), III орынды «Алаш» командасы (Мақтаарал, Жетісай, Сайрам, Отырар, Бәйдібек) иеленді. Жеңімпаз командаларға 1 000 000 тг, 750 000 тг және 500 000 тг қаржылай сыйлық, сонымен қатар арнайы диплом берілді. Шара соңы елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен «Жастармен бірге» атты гала-концертпен қорытындыланды.