Түркі Академиясының президенті “Халықаралық Стратегиялық коммуникациялар-2023” саммитіне қатысуда
Басқосудың ашылу салтанатында Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған «Гибридтік қауіп-қатерлерге қарсы жаһандық күрес: тұрақтылық, қауіпсіздік, ынтымақтастық» тақырыбында өткен Саммит қатысушыларына бейнеүндеу жолдады.
Сондай-ақ Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Хакан Фидан, Түркия Президенті Әкімшілігінің Коммуникация басқармасының басшысы Фахреттин Алтун, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің директоры Мелисса Флеминг сөз сөйледі. Маңызды жиынға 3000-ға жуық қатысушы шақырылған.
Атап айтқанда, олардың арасында мемлекеттік органдарда және сараптамалық орталықтарда, БАҚ-та, ғылыми ортада, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарда қызмет ететін 30 сарапшы спикер ретінде қатысуда.
Іс-шараның күн тәртібі гибридті қауіптермен күресуден бастап, цифрлық қоғамдық коммуникацияларға дейін, сонымен қатар жаңа технологиялардан жасанды интеллектке дейін қамтиды.
Бұған қоса гуманитарлық дағдарыстар мен халықаралық қатынастардағы тұрақтылықты арттырудағы барынша маңызды мәселелер де талқыланады деп күтілуде. Екі күнге созылатын Саммит 2023 жылдың 25 қарашасында аяқталады.