Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 417,4 млн долларға жетті
Елдер арасындағы сауданың едәуір үлесі Қазақстаннан экспортқа тиесілі – 360,1 млн доллар немесе 86,3%. Қазақстаннан Әзербайжанға экспорт көлемі 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте 256,2 млн доллардан 40,5%-ға өсті. Аталған кезеңде Әзербайжаннан импорт көлемі 57,3 млн долларды құрады.
Қазақстан экспортының өсуі өңделмеген алюминий жеткізудің 201 мың доллардан 108,2 млн долларға дейін 538,2 есеге ұлғаюымен байланысты. Осылайша, алюминий экспорттың жалпы көлемінің 30%-ын ала отырып, Қазақстанның Әзербайжанға негізгі экспорттық тауарына айналды. Экспорттың өсуіне мұнай өнімдерін жеткізудің 61,1 миллион доллардан 74,9 миллион долларға дейін және шикі мұнайдың 56,7 миллион доллардан 73,2 миллион долларға дейін өсуі де әсер етті.
Бұдан басқа, Қазақстан Әзербайжанға бидай, рельстер, металпрокат, аккумуляторлар, теміржол вагондары, нан және ұн өнімдері, макарон, маргарин және т.б. жеткізеді.
Әзербайжаннан импортталатын негізгі тауарлар қатарларына қара металдардан жасалған құбырлар мен профильдер (16,2 млн долл.), паромдар мен круиздік кемелер (11,6 млн долл.), ауыз су, оның ішінде минералды және газдалған су (9,3 млн долл.) жатады. Аталған үш тауар тобы Әзербайжаннан келетін барлық импорттың 64,8%-ын құрайды.
Әзербайжан мен Қазақстанның инвестициялық ынтымақтастығы
2023 жылдың 1 жартыжылдығында Әзербайжаннан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынының көлемі 1,2 млн долларды құрады.
Қазақстанға Әзербайжан инвестицияларының негізгі бөлігі энергетика секторында, атап айтқанда, мұнай-газ саласында шоғырланған. Каспий теңізінің түбіне талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) төсеу жобасы тараптар іске асыратын аса маңызды жобалардың бірі болып табылады. Жоба Қазақстанға ғаламдық интернет желісіне қосылу үшін баламалы байланыс арналарының болуына мүмкіндік береді. Оның құны 22,8 млрд теңгеге бағаланады.