Экономика

Қазақстан Грузия портында салып жатқан терминалдың құрылысы қашан аяқталады?

Президент Жолдауының аясында Қара Теңіздегі Орта дәліздің қуатын кеңейтетін жоба іске асып жатыр, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Көлік министрлігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сәйкес, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерінің аумағы арқылы өтетін Орта дәлізді дамыту жобасы Қара теңіз жағасындағы порттарды бірлесіп пайдалануды көздейді. 2022 жылдың 25 қазанында осы уағдаластық нақты құжат ретінде бекітілген болатын.

«Қазақстанның «PTC Holding» компаниясы Грузияның Поти бекетінде терминал салып бастады. Құрылыс 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бітуге тиіс. Бұл терминал жыл сайын 13,5 тонналық контейнердің 80 мың данасын қабылдауға қауқарлы. Ал бір мезетте 1687 тонна жүк сақтай алады. Оның ішінде тоңазытқышы бар және теміржол арқылы да, автомобиль арқылы да тасымалданатын контейнерлер қабылдауға болады. Терминалда қолданылатын қондырғылар мен технологиялар заманауи әлемдік стандарттарға сай. Инвестиция көлемі – 20 млн АҚШ доллары.

Сондай-ақ, келешекте Болгарияның Бургас портында да Қазақстан терминалын шау мәселесі пысықталып жатыр», – делінген министрлік мәліметінде.

Еске салайық, биылғы тамыз айында Грузияның Поти портында контейнерлік терминал құрылысының іргетасына капсула қалау рәсімі өткен еді.

TuraNews

Back to top button