Қоғам

Ақтөбелік кәсіпкер құм үстіне құлпынай өсіре бастады

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Жылтыр ауылында жас кәсіпкер құм үстіне жылыжай салып қойды. Биыл құлпынай еге бастады, деп хабарлайды TuraNews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме беріп.

Жылтыр ауылының тұрғыны кәсіпті құм үстінде бастағанның өз қиындығы бар екенін айтты.

Бір ғана жылыжай үшін әуелі жерді тереңдігі 50 см етіп қазды. Бір сәтте құм борып, қайта басып қалған.

Кейін көліктің емес, екі қолдың күшіне сеніп, қайта тазалады. Бүгінде 7 жаңа жылыжайы бар. Екеуі қыстық, өзгесі жаздық.

— Биыл жаздық жылыжайға құлпынайымызды егіп қойдық. Көктемде өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Болашақта қысы-жазы өсіргіміз келеді. Біз Еуропалық элиталы сұрпын егіп отырмыз. Ауа райына қолайлысы таңдалды. Жоспар бойынша бәсекелестерде өнім азайғанда біз жеміс аламыз. Сату аймағымыз өзіміздің Шалқар ауданы, ауысса Ақтөбе қаласына жібереміз. Жылына 4 тонна алмақ ойымызда бар. «Ауыл аманаты» жобасының қаржысы түгел игерілді. Алдағы уақытта таңқурай да егуіміз мүмкін, — деді кәсіпкер Серікболсын Жексембай.

Қазір бауырларымен бірге өзі бар жұмысты атқарып отыр. Алдағы уақытта бірнеше ауылдасын қоластына алмақ ниетте.

құлпынай
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Бұған дейін 1200 шаршы метр жерді игерсе, жаңа жылыжайлары 2500 шаршы метр аумақты алып жатыр.

— Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына басымдық беріліп келеді. Сол дұрыс. Қазақстанда ауыл шаруашылығы дамудың негізгі драйвері. Біздің жеріміз бар, суымыз бар. Бәрін игеруміз керек. Мейлі ол егін, мейлі ол мал шаруашылығына бағытталса да. Біз айына 400-500 мың тг тауып тұрмыз. Негізі жылыжай дегеніміз — лотерея. Барлығы сұрақ. Жоспар бар, бірақ бағаны нарық реттейді, — деді жас кәсіпкер.

Құм арасында отырып бизнес жоспарын іске асырған ол қиындықты жеңу үшін зерттеу, сараптау маңызды деп отыр.

— Жерді қопсыта салу мүмкін емес. Белгілі бір бөлігін қазып, шығарып тастау керек. Біз қазып, Шалқардан топырақ әкелдік. Өзім агрономмын. Сонымен бірге құрылысты да өзіміз жүргіздік. Олай болмасқа амал жоқ, әр қадам ақша. Бір жылыжайдың өзіне 500 мың сұрайды. Ақша тарата берсем нем қалады, -деді ол.

Биыл 8-9 тонна қияр, 2 тонна қызанақ алды. Келісі орта есеппен 300 тг болды. Қыста 700 тг болса, жазда 100 тг болады.

Кәсіпкер «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 5 млн теңге алды.

құлпынай
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Ал «Ауыл аманаты» кезінде 18 млн теңгеге жылыжай шаруашылығын кеңейтті.

TuraNews

Back to top button