Берлинде Мемлекет басшысы Германия канцлері Олаф Шольцпен арада өткен келіссөздерден кейін осындай мәлімдеме жасады.
Мәлімдеме үзінділерінің видеосы Telegram арналарда тарай бастады.
«Қазақстан санкциялық режимді ұстанатынын бірден ашық айтты. Оны сақтау бойынша тиісті ұйымдармен байланыстамыз әрі осы режимді айналып өтуге бағытталған ықтимал іс-әрекеттерге қатысты қандай да бір қауіп болмауы керек деп ойлаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара әлдеқашан делимитацияланған және айтарлықтай дәрежеде шегенделген, деп атап өтті Президент.
«Екі елдің парламенттері оны ратификациялап, мақұлдаған. Сондықтан Ресей тарапынан қандай да бір территориялық талаптар туындайды деп біз еш алаңдамаймыз», — деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Ресей-Украина қақтығысына қатысты да пікір білдірді.
“Украиналық қақтығысқа келетін болсақ, Қазақстан соғыс қимылдарын дереу тоқтатуды және БҰҰ Жарғысына негізделген бейбіт келіссөздерді жақтайды. Бүгін мен құрметті канцлер мырзаға жағдайдың өте күрделі екенін айттым. Украиналық және ресейлік тараптар келіссөздерге дайын екендерін мәлімдеді, бірақ келіссөздер өтетін алаң әлі белгісіз», – деді Тоқаев.