Қоғам

Сауд Арабиясы биыл Қазақстаннан қажылыққа баратындарға 10 мың квота бөлген

Сауд Арабия Қажылық және ұмра министрлігі 2024 жылғы қажылық маусымы үшін Қазақстанға 10 мың қажылық орнын ұсынды, деп хабарлайды Turanews.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сілтеме жасап.

Басқарманың мәліметінше, бұдан бұрын алдағы қажылық маусымы өткен маусымдарға қарағанда өзгеше болатындығы хабарланған. Биылғы жылдың басты ерекшелігі 15 желтоқсанға дейін тіркелген азаматтар ғана қажылыққа бара алады. Себебі Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігінің талабы бойынша «Қажылық-2024» маусымына биыл 15 желтоқсанға дейін қажылары тіркеліп біткен елдерге қажылық орындары бөлінбек.

Яғни, 15 желтоқсанға дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне (қонақ үй, Мина, Арафат және т.б. қызметтері) қаражаты төленген кісі санының көлеміне сай, Қазақстан азаматтары үшін қажылық орындарының саны айқын болмақ.

Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылғы қажылық маусымында азаматтарға қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті туроператорлар арасында ашық конкурс жариялаған болатын.

Конкурс бойынша 7-17 қыркүйек аралығында туроператорлардан құжаттар қабылданған.

Конкурсқа 31 туркомпания құжат өткізіп, оның ішінде конкурсқа қатысудың басты талаптарына сәйкес келетін  17 туроператор конкурсқа жіберілген. Ал, қалған 14 турфирманың конкурс шарттарына сәйкес келмеуі себебінен конкурсқа жіберілмеген.

Конкурстан өтіп, Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігіне қарасты қажылықтың электронды жүйесіне ресми тіркелетін 17 туроператор осы жылдың 15 желтоқсанына   дейін жинаған қажылары мен қаржылық мүмкіншілігіне қарай қажылық орындарын алатын болады.

Ал конкурсқа жіберілмеген туркомпаниялар ресми 17 туроператордың бірімен агенттік келісім-шарт құруы негізінде 100 (жүз) қажылық орнына дейін алуына болады.

TuraNews

Back to top button