Қырғызстанның Жогорку Кенешінің комитеті қария әке-шешесін асыраудан бас тартқан балаларға жазаны қатаңдату жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады Turanews.kz «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап.
Құжаттың бастамашысы – депутат Тазабек Икрамов.
Оның сөзінше, заң жобасы еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж ата-анасын асыраудан бас тартқан еңбекке қабілетті, кәмелет жасына толған балаларға жазаны қатаңдату және мемлекеттік қызметтен шектеу мақсатында әзірленді.
Депутат атап өткендей, қазіргі заң балаларына жеткіліксіз көңіл бөлген ата-ананы жауапқа тартуға ғана мүмкіндік береді.
«Ал ата-анасын тастап кеткендерді жауапқа тарту үшін сот шешімі қажет», — деп толықтырды ол.
Ата-анасына қамқор болудан (алимент төлеуден) бас тартқан балаларға айыппұл салу немесе 1-2 жылға бас бостандығынан айыру ұсынылып отыр.
Заң жобасы жекелеген заң актілеріне – Қылмыстық кодекске, Отбасы кодексіне, «Мемлекеттік азаматтық қызмет және муниципалды қызмет туралы» заңға өзгерістер енгізуді қажет етеді.