ӘлемБастыСаясат

ЕАЭО елдері Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құрады

Мәжіліс депутаттары «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп жазады Turanews.kz.

Мәжіліс отырысында Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев 2022 жылы 20 қазанда Ереванда жасалған Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялауға бағытталған заң жобасын ұсынды.

«Бұл келісімді жасасу оған мүше мемлекеттердің экспортты қолдаудың бірлескен шараларын, оның ішінде сақтандыруды көздейтін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 41-тармағын іске асыру болып саналады. Аталған құжат жаңадан құрылатын Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының мақсаттарын, мәртебесін және міндеттерін айқындайды. Компанияның функцияларын және жарғылық капиталға қатысу үлестерін төлеу тәртібін бекітетін жарғы келісімнің ажырамас бөлігі болады», — деді Қайрат Төребаев Мәжіліс отырысында.

Оның айтуынша, келісімді қабылдау ЕЭК-ке мүше мемлекеттердің қаржы ұйымдарына өзара халықаралық сауда және инвестициялық қызметті қолдауға, бірлескен бизнес-жобалардың үшінші елдердің нарықтарына шығуына белсенді қатысуға мүмкіндік береді.

«Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы экспорттық-импорттық операцияларды қолдайтын ұйымдарды қайта сақтандыру қорғанысымен қамтамасыз ету арқылы сын-қатерлерін төмендетеді. Өз кезегінде Қазақстан экономикасы ЕАЭО елдерімен сауда айналымын едәуір ұлғайту, олардың бірлесіп өндірілген өнімдерін үшінші елдерге өткізу үшін серпін алады. Келісімде қолданыстағы заңнаманың барлық талаптары ескерілген, осыған байланысты оны ратификациялау Қазақстан заңдарына еш өзгеріс енгізбейді», — деді министрлік өкілі.

Бұған дейін Қайрат Төребаев Мәжілісте жаңадан құрылатын экспорттық-кредиттік агенттік қалай жұмыс істейтінін айтқан еді.

Source
ҚАзАқпарат

TuraNews

Back to top button