ӘлемБастыҚоғамСаясатЭкономика

Қырғыз халқын қыста электр энергиясы тапшылығы күтіп тұр

Қырғызстанда алдағы қыста электр энергиясы тапшы болады. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров Facebook парақшасында мәлімдеді, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме беріп.

Үкімет басшысы Қырғызстан халқына жасаған үндеуінде энергетика секторында мәселе бар екенін мойындап, ел азаматтарын электр энергиясын үнемдеуге және шыдамды болуға шақырды.

«Өзендердің жоғарғы жағында орналассақ та, қыста электрді басқа елдерден импорттаймыз. Ақшаға сатып аламыз. Сол себепті, кезінде тез арада жаңа СЭС құрылысын бастауды ұсынған болатынмын, көп ұзамай алғашқы СЭС агрегаты «Қамбар ата-2» құрылды. Бұл Кеңес одағы ыдырағаннан кейін салынған алғашқы су электр станциясы болатын. 2020 жылға дейін елде басқа СЭС салынған жоқ. Қазіргі уақытта электр энергиясын пайдалану қажеттігі мемлекет пен халықта екі есе өсті. Аллаға шүкір, 2020 жылы билікке келген президент Садыр Жапаров бұл мәселені бірден сезді. Үкіметтің бірінші отырысында екі негізгі міндет қойды: мүмкіндігінше тезірек СЭС құрылысын бастау, содан кейін теміржол құрылысын жандандыру. Қазір біз елуге жуық шағын және орташа СЭС, сондай-ақ ғасыр құрылысы деп атауға болатын «Қамбар ата» СЭС салып жатырмыз», — деп жазды Министрлер кабинетінің басшысы.

Энергосектордағы жағдайды түсіндірген Ақылбек Жапаров барлық СЭС құрылысын аяқтауға уақыт керек екенін, бірақ оларды салып, пайдалануға бергеннен кейін Қырғызстан электр энергиясы тапшылығын жеңіп, экспорттаушы елге айналатынын атап өтті.

Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы өзендердегі су деңгейі төмендеуіне байланысты алдағы қыста елді электр энергиясы тапшылығы күтіп тұрғанын хабарлады. Тұрғындарды алдағы үш жылда шыдамды болып, электр энергиясын үнемдеуге шақырды.

«СЭС құрылысы уақыт, назар аудару мен күшті қажет етеді. Қазір біз электр энергиясын Ресей, Түрікменстаннан көршілеріміз арқылы импорттаймыз. Дегенмен, осы қыста Қазақстан мен Өзбекстан электр энергиясын қуат жетпейтіндіктен транзит арқылы өткізе алмайды. Олардың өзіне де жетпей жатыр. Сол себепті, құрметті отандастар, бізді, қазіргі үкіметті түсініп, электр энергиясын осы сәттен бастап үнемдейсіздер деп үміттенеміз. 2020 жылға дейін Қырғызстан қыста электр энергиясын көрші елдерден қолма-қол сатып алатын. Ал жазда көршілес елдерге суаруға су жіберетін (халықаралық норма бойынша, биікте орналасқан елдер төмендегі елдерге су жіберуге міндетті). Садыр Жапаровтың келіссөзі арқасында біз қыста электр энергиясын көршілес елдерден аламыз, жазда қайтарамыз. Біз суды босқа жібермейміз, біз оны сүзгі арқылы ағызып, одан шыққан электр энергиясымен қыста көршілес елдерден алатын электрді жабамыз. 2020 жылдан бері осылай жұмыс істеп, мемлекет қаржысын үнемдеп келеміз. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық болса – бәрі жақсы болады. Қырғызстанның тұтастығын бұзуды қалайтын үшінші күштер жоқ емес. Біз, билік өкілдері, бос қарап отырған жоқпыз. Күндіз-түні су электр станциясының құрылысын бақылап, жұмыс істеп жатырмыз. Құдай күш берсе, бәрі жақсы болады. Сізге бар қажеті – төзім ғана. Қысқа дайындалайық!» — делінген Ақылбек Жапаровтың Қырғыз халқына үндеуінде.

TuraNews

Back to top button