ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдері Таиландта мерт болған 18 жастағы қазақстандық туралы ақпаратты растады, деп жазады Turanews.kz.
Көз жұмған жігіт Таиландқа саяхаттап барған, ол travel-блогер болған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
«Ол бірнеше айдан бері Таиландта жүрген, блогер болған. YouTube желісіне саяхат туралы видео түсірген. 15 жасынан бастап шетелдерде жүрген. Анасы да, әкесі де сол жақта. Денесі Қазақстанға жеткізіледі», — деді ол.
Өкіл қайғылы оқиға қалай болғанын айтты.
Таиландтағы елшілікке Қазақстан азаматы суға батып кеткені туралы ақпарат келіп түсті. Екі күн іздестіру жұмыстары жүргізілді. 3 қыркүйек күні қазақстандықтың денесі судан шығарылды. Суда ұзақ жатып қалғандықтан, түрін тану, ажырату қиын болды, — деді ол.
Айта кетейік, қазақстандық жігіт 1 қыркүйекте Най Янг жағажайында жоғалып кеткен. 3 қыркүйек күні таңертең 18 жастағы қазақстандықтың денесі табылды. Екі күн іздегеннен кейін тай құтқарушылары 2005 жылғы жігіттің денесін судан шығарды.