Саясат

Орталық Азиядағы су мәселесін бірлесіп қана шеше аламыз — Өзбек ғалымы

Қазақстан саяси жүйені ауқымды түрде қайта жүктеу арқылы стратегиялық әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға көбірек мән беріп, Жолдауда айтылған межелерді бағындыруға күш салады. Өзбекстан Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаров осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Қазақстан экономикасының кейінгі жылдары қарқынды даму жолына түскені Мемлекет басшысы Жолдауда нұсқаған стратегиялық міндеттерді еңсеруге мүмкіндік береді деп үміттенуге болады», — дейді сарапшы.

Сондай-ақ, ол Орталық Азияда су проблемасы өзекті бола түскені Жолдауда көрініс тапты деп есептейді. Жыл сайын 150 мың гектар алқапқа су үнемдейтін технологияны енгізу тапсырмасы берілді. Ол үшін 20 жаңа су қоймасы салынып, қолданыстағы 15 нысан күрделі жөндеуден өтуі керек. 3,5 мың шақырым су арнасын цифрландырып, жаңғырту қажет. Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы, Ұлттық гидрологиялық қызметтің қайта құрылуы да осы проблеманы тездетіп шеуге бағытталып отыр.

«Суармалы егістікке қарап отырған Орталық Азия елдері үшін су ресурстарының сапасы — өте маңызды мәселе. Осыған байланысты шекаралас елдер бұл саладағы әріптестікті жолға қойып, әсіресе трансшекаралық өзендерді пайдалану, суды әділетті бөлісу және ашық басқару, су үнемдейтін технологияларды қатар енгізу сияқты бағыттарға басымдық беру керек. Тіпті, ол үшін кеңес заманындағы «Сібірді қайта жандандыру» жобасына қан жүгірту керек сияқты. Өйткені, су тапшылығы артып келеді», — дейді ол.

Равшан Назаров Қазақстан Президентінің көлік-логистика саласындағы әлеуетті тиімді пайдалану туралы бастамаларына тоқталды.

«Қазақстанның көлік-логистика саласындағы әлеуеті шынымен ауқымды. Орталық Азия елдерінің өңірлік хабы бола алады. Өйткені, Ресей, Қытай сияқты алып нарықтармен шекарасы ұзаққа созылып жатыр. Сонымен бірге, Каспийдің порттарына оңай шыға алады», — дейді ғалым.

Сарапшы цифрландыру мен ІТ салаға Жолдауда жеке көңіл бөлінгенін ерекше атады.

«Орталық Азияның барлық мемлекеттері «жас» болып есептеледі. Бұл жерде мен халқының орта жасын айтып отырмын. Сондықтан, Қазақстанның жастар саясатына ерекше көңіл бөліп отырғанын өңірдегі өзге мемлекеттер үлгі етуі керек», — дейді Равшан Назаров.

TuraNews

Back to top button