Қоғам

Жаяу саяхатшы: 20 күнде 820 шақырым жол жүрдім

Атыраудан әлемді жаяу аралауға шыққан саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов 20 күнде 820 шақырым жол жүрді. Ол Шешенстан астанасы Грозный қаласына жақындады, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Міне, достар, Грозныйға да жетіп қалдым. 20 күнде 820 шақырымдай жол жүрдім. Әр ел мен қалаларды өзім үшін ашқан сайын өмірімнің мәні артып келеді», — деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында.

Атыраудан 2 тамызда жолға шыққан Ұлытау облысының тумасы Сәрсенбай Қотырашовтың сапары үш кезеңге жоспарланған. Алғашқы маршруты – Қазақстан, Ресей, Грузия, Түркия елдеріне бару. Бұл елдерді аралау үшін 100 күнде 3 мың шақырымға жуық жол жүреді.

Екінші кезеңдегі 180 күнде 9 шақырым жол жүріп, Түркия, Франция, АҚШ елдеріне саяхаттайды. Ал 130 күнге созылатын үшінші кезеңді АҚШ-тан бастайды. Қытай, Моңғолия, Ресей арқылы 4 мың шақырымды артқа тастап, Қазақстанға оралуды көздеп отыр.

Жаяу сапарын 2025 жылғы тамызда аяқтайтын Сәрсенбай Қотырашов екі жылда 16 210 шақырым жол жүруді мақсат еткен.

«Менің ұстанымым – саяхаттау ешқашан кеш емес. Әлем елдерін жаяу аралаған қазақ қариясының атын Гиннестің рекордтар кітабына тіркеп, әлемдік рекорд орнатсам деймін. Ең бастысы, бейбітшілікті насихаттап, жаһан елдерін ынтымаққа шақырғым келеді. Бұл жолғы жаяу саяхатым – өте жауапты сапар. Сол себептен әлем елдеріне саяхатымды сәтті өткізу үшін күніне 30-40 шақырымдай жаяу жүремін», — деген еді Сәрсенбай Қотырашов.

photo

TuraNews

Back to top button