БастыСпорт

Бублик, Вавринка, Тим, Корда «Astana Open ATP 250» турниріне қатысады

Бұл күндері Қазақстан астанасы теннистен ATP санатындағы ең ірі турнирлердің бірін өткізуге дайындалып жатыр. Әлемдік деңгейдегі жарысқа танымал теннисшілер қатысады деп жоспарланған, деп ҚР Теннис федерациясының баспасөз өызметіне сілтемелеп Turanews.kz хабарлайды.

Елордадағы байрақты додаға қатысатындарын бірқатар спортшылар:

— ATP рейтингісінде 26-сатыда тұрған Қазақстанның бірінші ракеткасы, жуырда ғана Германияның Галле қаласында мәресіне жеткен АТР 500 турнирінің жеңімпазы Александр Бублик;

— «Үлкен дулыға» санатындағы ең ірі үш турнирдің жеңімпазы, Олимпиада чемпионы, ATP санатындағы 19 турнирдің жеңімпазы, «Дэвис кубогінің» иегері, әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы, швейцариялық Стэн Вавринка;

— бірқатар ірі жарыстың жеңімпазы, әлемнің экс-үшінші ракеткасы, аустриялық Доминик Тим;

— жастар арасындағы «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы, жастар арасындағы әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, қазіргі таңда ересектер арасындағы рейтингіде 32-орында тұрған америкалық Себастьян Корда.

Айта кетейік, ATP 250 санатындағы ASTANA OPEN турнирі Астанада биыл үшінші мәрте ұйымдастырылмақ. Бұл турнир бұған дейін елімізде 2020 және 2021 жылдары өткізілсе, былтыр Қазақстан теннис тарихында алғаш рет АТР 500 сериялы жарыстың жалауы желбіреген еді.

Жүлде қоры 1 017 860 АҚШ долларын құрайтын турнир елордадағы Ұлттық теннис орталығында 26 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өтеді.

TuraNews

Back to top button