Қорқыт ата, Оралхан Бөкей, Анадолы және Шекспир: елорданың жаңа көшелері
Елордада бірнеше көшеге жаңа атау беру ұсынылды. Оның ішінде қазақи атаулармен қатар, шетел есімдері де бар, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«№ 28/1 жобалық көшеге Азияның батыс бөлігіндегі түбек, қазіргі Түркия аумағының ортаңғы бөлігі Анадолы атауын беру ұсынылады. Бұл ұсыныс Мемлекет басшысының Түркияға ресми сапары аясында берілген тапсырма. Түрік елінде де Қазақстанның ақын-жазушыларына берілген көше аттары мен ескерткіштер аз емес. Былтыр желтоқсанда Анкара қаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші орнатылғанын жақсы білесіздер», — деді Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп елорда мәслихатының отырысында.
Одан бөлек, спикердің мәліметінше, елордада Қорқыт ата көшесі пайда болмақ.
«Е33 жобалық көшеге түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау Қорқыт Атаның есімін беру ұсынылады. Бұрынғы Қорқыт көшесі «Байқоңыр» ауданында орналасқан болатын, алайда құрылыстың қарқынды жүргізуіліне байланысты ол көшеде де үйлер салынған. Бұрынғы Қорқыт ата көшесі небәрі 50 метрге ғана жуықтайтын көшеге айналған. Сондықтан тек қазаққа ғана емес тұтас түркі жұртына ортақ тұлғаның есімін «Нұра» ауданындағы жаңадан салынған көшелердің біріне ауыстырып отырмыз», — дейді ол.
Сонымен қатар, басқарма басшысы елордадағы индустриялық паркте орналасқан бірнеше жобалық көшеге жер-су атауларын беруді ұсынды.
«Қазір осы өндірістік аймақтағы жобалық көшелердің аты болмағасын адамдар картаға Уиллиам Шекспир, Леонардо да Винчи деген сияқты аттарды қолмен енгізіп, жазып қойған. Халық шынында да осы көшелер аталған шетелдік тұлғалардың есімімен аталған деп ойлап жүр. Сондықтан еліміздегі тарихи жер-су аттарын беріп, картаға сол атауларды енгізу қажет деген шешімге келдік», — дейді Сәкен Есіркеп.