Қытай елінің Іле Қазақ автономиялы облысы Құлжа қаласында домбыра жасаудан мемлекеттік деңгейдегі марапат алған Әділқан Абдоллаұлы атты музыкалық аспаптар жасаудың қас шебері тұрады. Бұл туралы Қытайдың «Іле ақпарат торабы» хабарлайды.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, ұлттың музыкалық аспаптарын жасауда алдына жан салмаған шебер биыл 83 жасқа келген. Қарт шебер жасы егделеп қалсада, әлі күнге дейін өз кәсібін жалғастыруды тоқтатпаған.
Тілшілер амандаса барғанда, Ә. Абдоллаұлы өз шеберханасында облыстық филармонияның кезекті көлемді концертіне қажетті домбыраларды жасаумен қарбалас екен. Қытайлық басылымның дерегінше, оның шеберханасында есіктен төрге дейін түрлі үлгідегі музыкалық аспаптарға толған. Төрге таяу жерге жалғыз ыңғайлы орындық, шағын үстел қойылыпты. Шеберге барған тілшілерді таңғалдырғаны 35 градустық шыжыған күнде пешке от жағылған. Сол пеш үстінде жібітілген желім мен домбыра шанақтары қойылыпты, сол жерде шанақты отқа ұстап иіуге ыңғайлаумен Әділқан қария жүр…
Жасы егделесе де шебердің әрекеті ширақ, сөзі сергек.
Айта кетерлігі, шеберханадағы қабырғаға ілінген екі үлкен тарихи сурет тұр. Соның бірі шебердің 1965 жылы Бейжіңге барып Мао Цзэдунға қобыз ұсынған кездегі суреті екен. Ал енді бірі – 2018 жылы жергілікті облыс басшыларының Әділқанның қолынан шыққан домбыраны Қазақстанның сол кездегі Президенті Н. Назарбаевқа тарту еткендегі суреті. Оның шеберханасы сол секілді көптеген құнды картиналарға толы екенін жазады қытайлық басылым.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, мемлекет деңгейіне дейін даңқы жеткен қас шебер 1940 жылы Іле аймағы Қорғас ауданының Сарбұлақ ауылында дүниеге келген. Әділқан кішкентайынан әкесінің ықпалымен өнерге құмар болып, 1959 жылы Іле 1-ші Педагогика мектебін тамамдап, мәдениет үйірмесіне биші болып қабылданады. Бір жылдан кейін ол ұйымның ұйғарымымен музыка аспабын жасау бөліміне ауысалы. Сөйтіп, ол түрлі ұлттан құралған ұстаздарының әсерінен, қазақтың халықтық музыка аспаптарын жасаумен бірге, ұйғұр, қырғыз, сібе, моңғол, татар, орыс сияқты ұлттардың да халықтық музыка аспаптарын жасай бастайды. 1980 жылдан 1982 жылға дейін басшылықтың тапсырмасымен Шаңхайға барып музыка аспабын жасау өнерін тереңдеп үйренеді. Содан кейін Әділқан Абдоллаұлы қазақтың соқпалы, үрлемелі, шертпелі музыка аспаптарын қамтыған 21 түрлі ұлттық музыка аспабын қайталай жаңғыртып жасап, халықпен бет көрістіріп, сахнаға шығарады. Ол жалпы қазақтың музыка аспабынан домбыра, қобыз, сыбызғы, шертер, сырнай(қамыс сырнай, мұйіз сырнай, сазсырнай), мүйіз тақылдақ, тайтұяқ, үскірік, дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, даңғара, шаңқобыз, кернай, асатаяқ сияқты 40 түрден астамын жасаумен бірге, ұйғұр ұлтының дуттары, тамбыры, дап, һижесі, сібенің домбыры, қырғыздың, моңғолдың ұлттқ музыка аспаптарын жасай алады екен.
2008 жылы ҚХР-ның Мемлекеттік кеңесі қазақтың домбыра өнерін 2-шы топтағы материялдық емес мәдени мұраның қатарына енгізген. Сол жылы Әділқан Абдоллаұлы Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкелік мәдениет басқармасы жағынан автономиялы өлке дәрежелі материялдық емес мәдени мұра қазақтың домбыра аспабының мұрагері деген атаққа ие болған. Сонымен қатар, Ә. Абдоллаұлы 2009 жылы Қытайдың Мәдениет министрлігі жағынан мемлекет дәрежелі материялдық емес мәдени мұра нысаны — қазақ ұлтының домбыра аспабының мұрагері болып бекітілген. Ал, 2022 жылы мемлекет дәрежелі материялдық емес мәдени мұралардың мұрагерлерін бағалауда Әділқан үздіктер қатарынан орын алған.
Әділқан Абдоллаұлы қолынан шыққан музыка аспаптары кәсби өнерпаздардың көңілінен шығумен бірге, әртүрлі мұражайларда, архив қорларында сақтаулы тұр. Бұдан сырт Қазақстан, Жапония, Корея сияқты елдерден тапсырыс берушілер әлі күнге жалғасып келеді.
Әділқан Абдоллаұлы өнерін артындағы ұрпаққа қалдыру мақсатында домбыра орындау шеберлігі және жасалуы жөнінде, басқада тақырыптарда түрлі газет-журналдарда көптеген ғылми мақала жариялаған. Сондай-ақ, 2009 жылы «Қазақтың музыка аспаптары және оның жасалуы» деген кітабын жазып баспадан шығарды. Аталған кітаптың 2013 жылы екінші басылымы жарық көрген. Ендігі кезекте Әділқан қария өзіндегі бар өнерін кейінгі ұрпаққа қалдыру мақсатында 2-ші кітабын қолға алып, жыл соңына дейін жазып бітіруді жоспарлауда. Бұл кітапта қазақтың дәстүрлі музыка аспаптары, жасалу жолдары егжей-тегжейлі таныстырылмақ.