Шығыс және Оңтүстік Қытайдың жағалау аймақтарында дауылдың максималды «қызыл деңгейі» жарияланды. Себебі жұма күні «Доксури» қуатты тайфуны төнеді деп күтіледі. Бұл туралы Қытайдың Орталық метеорология қызметі мәлім етті, деп ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.
Метеорологиялық болжамдарға сәйкес, «Доксури» тайфуны материктік Қытайға бет бұрып, солтүстік-батыс бағытта жылжып, Фуцзянь, Гуандун, Чжэцзян, Аньхой, Цзянси және басқа да провинцияларға әсер етеді.
27 шілде таңғы сағат 06:00-дегі жағдай бойынша, тайфун Тайвань аралының оңтүстік шетінен 220 шақырымдай жерде болып, солтүстік-батысқа қарай 10-15 км/сағ жылдамдықпен жылжып келеді.
Тайфун жұма күні таңертең Фуцзянь және Гуандун провинцияларының жағалау аймақтарына жетеді деп күтілуде.
Метеорологтардың болжамынша, тайфунның қарқындылығы материктік Қытайға жақындаған сайын арта түседі, осы уақытқа дейін оның орталық бөлігіндегі желдің жылдамдығы 52 м/с жеткен.
ҚХР төтенше жағдайларды басқару министрлігі қазіргі уақытта жоғары дайындық жағдайында тұрған 4 мыңнан астам адам мен техниканы жұмылдырды. Билік тұрғындарға су тасқыны мен көшкін қаупі туралы ескертті.