Қазақстанның параволейбол құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп BasSport.kz порталына сілтемелеп Turanews.kz хабарлайды.
Құрлық біріншілігіне Қазақстан, Жапония, Таиланд, Иран, Ирак, Оңтүстік Корея, Моңғолия және Үндістан секілді сегіз елдің құрамасы қатысты.
Бұған дейін жерлестеріміз жартылай финалда Қытай командасын 3:2 есебімен жеңді. Сөйтіп, Азия чемпионатының финалына шығып, 2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарының лицензиясын ұтып алды.
Бүгін Қазақстан құрамасы Иран командасымен финалдық кездесу өткізді. Ойын өте тартысты өтті. Өйткені, екі команда да осал емес. Иран құрамасы – чемпионаттағы барлық кездесуде жеңілмеген жалғыз команда. Ал Қазақстанның параволейболшылары әлемдік рейтингте жетінші, Азия рейтингінде 2-орында тұр. Кездесудің бірінші кезеңінде ирандықтар 25:21 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстан құрамасы екінші кезеңдегі алғашқы ұпайды иеленген еді. Алайда, қарсыластар басымдығына тойтарыс беру оңайға түспеді. Екінші кезеңнің нәтижесі – 25:14 болып, жеңіс қарсылас команданың үлесіне жазылды. Шешуші үшінші кезеңде де қазақстандық параволейболшылар ұпайды көбірек еншілеуге талпынды. Есеп айырмасын қысқартып, басымдықты иеленуге ұмтылған қазақ ойыншылары үшін бұл кезең қарсыластар еншісінде кетті. Есеп – 25:17.
Осылайша, Қазақстанның параволейбол командасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.