Түркияның астанасы Анкарада «Абылай хан мен батырлар» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Танымал жазушы, ақын және драматург Баянғали Әлімжановтың балаларға арналған еңбегінің тұсаукесері Қазақстан Елшілігі мен Түріксойдың ұйымдастыруымен болып өтті.
Іс-шараға халықаралық Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, жазушы Баянғали Әлімжанов, зиялы қауым мен диаспора өкілдері қатысты.
Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Бас хатшы Сұлтан Раев жазушы Баянғали Әлімжановтың Қазақстанда жалғыз манасшы ретінде Түркі әлемінде сіңірген еңбегі мол екенін атап көрсетті. «Қазақта «Манасқа» ерекше қызмет еткен үш тұлға бар. Біріншісі – Шоқан Уәлиханов, екіншісі – Мұқтар Әуезов, үшіншісі – Баянғали аға» деді Раев. Түріксой басшысы Абылай Хан туралы көп еңбек жазылғанын, бірақ жазушының Түркияда түрік тілінде бірінші рет Абылай туралы кітабының жарияланғанын айтты.
Ол бұл туынды бүкіл Түркі әлемінің Абылай ханды жақынырақ тануында себепкер болатынына сенім білдірді.
Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев өзінің сөзінде жазушы Баянғали Әлімжанов шығармалары қазақ әдебиетінде ерекше орынға ие екенін, оның қазақ хандары мен батырларына байланысты жазылған шығармасын Түркияда кеңінен таныту мақсатында Түріксой ұйымында тұсаукесерінің өткізіліп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ елші Түріксойдың «Түркі әлемінің ортақ үйі, шаңырағы екенін» айтып, биылғы 30 жылдық мерекесімен құттықтады.
Артынан кітаптың тұсауы кесілді. Кітаптың авторы Баянғали Әлімжанов, Қазақстан елшісі Еркебұлан Сапиев және Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев түрік тілінде шыққан кітаптың тұсауын кесті.
Іс-шараның соңында Сұлтан Раев Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сәпиев пен жазушы Баянғали Әлімжановты Түріксойдың 30-жылдығына арналған медальмен марапаттады. Сонымен бірге кітаптың аудармашысы мен редакторына да алғыс хат табысталды.