Байқау қазылары оның жергілікті орындаушы Ғалымжан Молданазардың «Көгершін» әніне түсірген жұмысына жоғары баға берген. Режиссер 5 минуттық еңбегі арқылы әлемге бейбітшілік пен келісімнің маңызын жеткізуге тырысқанын айтады. Айта кетейік, бейнебаянның таныстырылымы былтыр өтті. Алматы маңында жүргізілген түсірілімге бар-жоғы үш-ақ күн кетіпті. Оған 100 бала қатысты. Әдетте, бейнебаян дайын әнге түсіріледі. Бұл жолы қалыпты дәстүр өзгеріп, керісінше бейнебаянға арналып ән жазылыпты.
Мәлік Зенгер, режиссер:
— Ол маған дайын әндерді береді. Немесе мен өзіме ұнаған тректі таңдаймын. Көбіне өзім барып әнге бейнебаян түсіруді ұсынамын. Видео арқылы әннің мәнін ашу мен үшін өте маңызды. Бұл жолы орындаушының өзі бейнебаян идеясына арнап ән жазды. Яғни, біз басқа қырынан жұмыс жасап көрдік. Алдымен көкейімдегі ойыма арнайы сценарий құрылды. Кейін кішігірім түсірілім жасалды. Оны әншіге көрсеттім. Менің ұсынысым бірден қолдау тапты.
Мәлік Зенгердің бұл бейнебаяны түрлі халықаралық фестивальдерде 37 мәрте жеңімпаз және арнайы аталым жүлдегері атанып үлгерді. Ол алдағы уақытта осы жұмысын өзге байқауларда сынап көрмек.