Биыл Алматыға 450 мың шетелдік турист келеді — Ерболат Досаев
Алматыда Түргеннен Қаскелеңге дейінгі тау туризмін дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтып берді, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап..
«Туристік инфрақұрылымды дамыту аясында биыл қаланың нөмірлік қоры 3 мың жатын орынға ұлғаяды. 2023 жылдың соңына дейін 390 бөлмелі тағы 2 қонақүй («Medeu Park Hotel», «Parkside living) ашылады. Сонымен қатар, 3 кемпинг-аймақ, Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында ұзындығы 150 шақырым болатын 10 тау маршруты құрылады. Бұл маршруттар цифрландырылады», — деді Ерболат Досаев елордалық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Өз сөзінде әкім Президенттің Түрген мен Қаскелең арасындағы тау кластерінің Шығыс және Батыс бөліктерін кешенді дамытуды тапсырғанын атап өтті.
«Бұл мақсатта Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, Алматы агломерациясы шеңберінде Түргеннен бастап Қаскелеңге дейінгі тау кластерін дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Оны биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. 2023 жылы шетелдік туристер саны 450 мың адамға дейін, ішкі туристер саны 1,5 млн адамға дейін өседі деп күтіліп отыр», — деді Алматы әкімі.