Астанада Әкелер күні аталып өтті
Бүгін Астанада елімізде алғаш рет белгіленген Әкелер күніне орай «Әке – отбасының тірегі» атты мерекелік бағдарлама өтті, деп хабарлайды Turanews.kz Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Әкелер күнінің негізгі мақсаты – дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ілгерілету, мен «ынталы ата-ана болу» идеясын насихаттау.
«Отан — отбасынан басталады. Ал отбасының тірегі, отағасы мен қара шаңырақтың иесі – әкелер екені белгілі. Бүгін осы жерге өмірдің көптеген қиындықтарына төтеп беріп, жұртқа пана болған қадірлі де құрметті әкелереміз келіп отыр. Барша жиналған әкелер қауымын шын жүректен бүгінгі мерекемен құттықтаймын!» — деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Іс-шара аясында әкелер күніне орай әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі, мерекелік концерт және балалар шығармашылығы көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, республика ел бойынша Әкелер күніне орайластырылған іс-шаралар ұйымдастырылды. Сараптамалық алаңдар, дөңгелек үстелдер, көп балалы әкелердің қатысуымен отбасылық жарыстар өтті.
Айта кетейік, енді елімізде Аналар және Әкелер күні мерекесі бөлек-бөлек аталып өтеді. Аналар күні – мамырдың екінші жексенбісінде, ал Әкелер күні маусымның үшінші жексенбісінде мерекеленеді.